![]()
Кентау қаласында мәдениет, спорт және әлеуметтік нысандардың алдағы жылыту маусымында үздіксіз жұмыс істеуін қамтамасыз ету мәселесіне ерекше көңіл бөлінуде. Осы мақсатта қала әкімі Жандос Тасовтың төрағалығымен 2026–2027 жылдардағы жылыту маусымына дайындық жұмыстарының барысына арналған жұмыс мәжілісі өтті.
Жиын барысында Кентау қалалық тұрғын үй-коммуналдық шаруашылық бөлімінің басшысы міндетін атқарушы Айдар Ерубаев баяндама жасап, жылу желілерінің дайындығы, қайта жаңғырту жобаларының орындалуы, көпқабатты тұрғын үйлер мен әлеуметтік нысандардың қысқы кезеңге әзірлігі туралы жан-жақты ақпарат берді.
Мәжілісте магистральдық және ішкі орам жылу желілерін жаңғырту, анықталған ақауларды жою, сондай-ақ білім, денсаулық сақтау, мәдениет және спорт нысандарының қысқы маусымға дайындық деңгейі кеңінен талқыланды. Сонымен қатар көмір қорын қалыптастыру және жылумен қамтамасыз ету жүйесінің тұрақты жұмысын ұйымдастыру мәселелері қаралды.
Мәдениет үйлері, кітапханалар, спорт кешендері мен басқа да әлеуметтік нысандардың жылы әрі қолайлы жағдайда жұмыс істеуі тұрғындарға көрсетілетін қызметтің сапасына тікелей әсер етеді. Сондықтан жылыту маусымына сапалы дайындық мәдени іс-шаралар мен спорттық жаттығулардың үздіксіз өтуіне, тұрғындардың бос уақытын тиімді ұйымдастыруға және жастардың тұрақты түрде мәдени-спорттық шараларға қатысуына мүмкіндік береді.
Қазіргі таңда Кентау қаласында инженерлік инфрақұрылымды жаңғырту және әлеуметтік нысандардың материалдық-техникалық жағдайын жақсарту бағытындағы жұмыстар кезең-кезеңімен жүзеге асырылып келеді. Бұл тұрғындарға қолайлы орта қалыптастырумен қатар, мәдениет пен спорт саласының тұрақты дамуына қажетті жағдай жасауға бағытталған.
Жиын қорытындысында қала әкімі Жандос Тасов жауапты мекемелерге жылыту маусымына дайындық жұмыстарын белгіленген мерзімде толық аяқтап, барлық нысандардың қысқы кезеңге сапалы әрі уақытылы әзірлігін қамтамасыз ету жөнінде нақты тапсырмалар берді. Әсіресе, әлеуметтік, мәдениет және спорт нысандарының үздіксіз жұмысын қамтамасыз ету мәселесі тұрақты бақылауда болатыны атап өтілді.
«ANYQ.KZ»-ақпарат.
