![]()
Кентау қаласында жастар арасында бұқаралық спортты дамыту, салауатты өмір салтын қалыптастыру және есірткіге қарсы мәдениетті нығайту бағытындағы жұмыстар жүйелі түрде жалғасып келеді. Осы мақсатта Кентау қалалық ішкі саясат бөлімінің ұйымдастыруымен «Динамо» стадионында «Есірткісіз өмір – спортпен бірге» атты футбол турнирі өтті. Аталған спорттық дода жастардың бос уақытын тиімді ұйымдастырумен қатар, олардың денсаулығын нығайтуға, спортқа қызығушылығын арттыруға және қоғамда белсенді өмірлік ұстаным қалыптастыруға бағытталды.
Қазіргі таңда жастар арасында зиянды әдеттердің алдын алуда спорттың рөлі ерекше. Спорт адамның физикалық дайындығын жетілдіріп қана қоймай, тәртіпке, жауапкершілікке, ұйымшылдыққа және жеңіске деген жігерге тәрбиелейді. Сондықтан мұндай жарыстардың тәрбиелік маңызы жоғары әрі олардың қоғамдағы әлеуметтік әсері зор.
Турнирге Кентау қаласының әр аумағынан құрылған 12 команда қатысып, өзара тартысты әрі тартымды ойын өрнегін көрсетті. Әрбір кездесу жоғары спорттық деңгейде өтіп, қатысушылар өздерінің шеберлігі мен командалық үйлесімін таныта білді. Жарыс барысында жастардың тек жеңіске деген ұмтылысы ғана емес, өзара сыйластық пен әділ ойын қағидаларын ұстануы да көрініс тапты.
Тартысты өткен бәсекенің қорытындысы бойынша І орынды «Кентау политехникалық колледжі» командасы жеңіп алды. ІІ орын «Жасұлан» командасына бұйырса, ІІІ орынды «Байылдыр» командасы иеленді. Жеңімпаз және жүлдегер командаларға қаржылай сыйлықтар, дипломдар, медальдар мен кубоктар табысталды. Сонымен қатар жарыс барысында ерекше шеберлік танытқан ойыншылар арнайы номинациялар бойынша марапатталды.
Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаев бұқаралық спортты дамыту мен жастардың салауатты өмір салтын ұстануына жағдай жасау мемлекеттік саясаттың маңызды бағыттарының бірі екенін үнемі атап келеді. Осыған сәйкес елімізде спорт инфрақұрылымын дамыту, жастарды спортқа кеңінен тарту және дене шынықтырумен тұрақты айналысуға ынталандыру бағытындағы жұмыстар кезең-кезеңімен жүзеге асырылып келеді.
Кентау қаласында да бұл бағыттағы жұмыстар жүйелі сипат алған. Қалада спорттық жарыстар, бұқаралық жүгіру акциялары, шағын футбол турнирлері, ұлттық және олимпиадалық спорт түрлері бойынша жарыстар тұрақты өткізіліп келеді. Мұндай бастамалар жастардың бос уақытын тиімді ұйымдастыруға, олардың спортқа деген қызығушылығын арттыруға және зиянды әдеттердің алдын алуға мүмкіндік береді.
«Есірткісіз өмір – спортпен бірге» атты футбол турнирі де осы игі бастамалардың жалғасы болды. Іс-шара спорттың қоғамдағы біріктіруші күш екенін тағы бір мәрте дәлелдеп, жастардың өзара достығын нығайтуға, салауатты өмір салтын насихаттауға және есірткіге қарсы қоғамдық көзқарасты қалыптастыруға ықпал етті.
“Жастардың спортпен тұрақты айналысуына жағдай жасау – дені сау, белсенді әрі жауапкершілігі жоғары ұрпақ тәрбиелеудің маңызды кепілі. Сондықтан Кентау қаласында бұқаралық спортты дамытуға, жастар арасында салауатты өмір салтын дәріптеуге және профилактикалық спорттық іс-шараларды ұйымдастыруға бағытталған жұмыстар алдағы уақытта да өз жалғасын табатын болады”, — дейді ұйымдастырушылар.
«ANYQ.KZ»-ақпарат.
