![]()
Кентау қаласында Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаевтың бастамасымен жүзеге асырылып жатқан «Таза Қазақстан» және «Заң мен тәртіп» республикалық бағдарламалары аясында жалпықалалық сенбілік плоггинг форматында ұйымдастырылды. Ерекше форматтағы шара бұқаралық спортты дамыту мен экологиялық мәдениетті қалыптастыруды ұштастырған көпшілік бастама ретінде өтті.
Плоггинг – жаяу жүру немесе жүгіру кезінде айналаны қоқыстан тазартуды көздейтін заманауи экологиялық қозғалыс. Әлемнің көптеген елдерінде кеңінен таралған бұл бастама дене белсенділігін арттырумен қатар, табиғатқа ұқыпты қарау мәдениетін қалыптастырудың тиімді тәсілі ретінде танылып келеді. Кентауда өткен акция да тұрғындарды белсенді өмір салтына баулып, қоршаған ортаға деген жауапкершілікті арттыруды мақсат етті.
Биылғы жалпықалалық сенбілік дәстүрлі форматтан өзгеше ұйымдастырылып, жарыс үлгісінде өтті. Қатысушылар белгіленген аумақтарды аралап, жаяу жүріп және қозғалыс барысында қоқыс жинау арқылы өзара белсенділік танытты. Мұндай тәсіл дене қозғалысын арттырып қана қоймай, экологиялық мәдениетті қалыптастыруға және командалық ынтымақтастықты нығайтуға ықпал етті.
Тазалық акциясына Кентау қаласы әкімінің орынбасары Болысбек Шәріпбеков пен қала прокурорының орынбасары Файзулла Тұрымов қатысып, тұрғындарды туған қаланың тазалығына жанашырлықпен қарауға шақырды. Олар қаланың көркеюі мен тазалығы әрбір азаматтың ортақ жауапкершілігі екенін атап өтіп, жастардың мұндай қоғамдық бастамаларға белсенді қатысуының маңызын айтты.
Шараға мемлекеттік мекемелердің қызметкерлері, прокуратура және полиция өкілдері, медицина қызметкерлері, жастар, еріктілер мен қала тұрғындары белсене атсалысты. Жалпы саны 1500-ге жуық адам қоғамдық орындар мен көшелерді қоқыстан тазартып, санитарлық тазалық жұмыстарын жүргізді. Іс-шара барысында 12 арнайы техника жұмылдырылып, 19 тоннаға жуық қоқыс шығарылды.
Жарыс қорытындысында ең белсенді қатысушылар мен көп қоқыс жинаған жастар марапатталып, арнайы сыйлықтарға ие болды. Мұндай ынталандыру жастардың қоғамдық белсенділігін арттырып, спорттық рух пен командалық бірлікті нығайта түсті.
Плоггинг бүгінде дене белсенділігін, салауатты өмір салтын және экологиялық жауапкершілікті бір арнаға тоғыстырған тиімді қоғамдық қозғалысқа айналып келеді. Кентауда ұйымдастырылып жатқан осындай бастамалар бұқаралық спортты дамытуға, жастардың бос уақытын мазмұнды өткізуіне және қоршаған ортаға ұқыпты қарау мәдениетін орнықтыруға ықпал етіп, қоғамда белсенді әрі жауапты өмір салтын қалыптастыруға қызмет етері анық.
«ANYQ.KZ»-ақпарат.
