![]()
Кентау қаласының күніне орай шаһарда бұқаралық спортты дамытуға, ұлттық құндылықтарды ұлықтауға және өнер мен мәдениетті дәріптеуге бағытталған бірқатар ауқымды іс-шара ұйымдастырылды. Мерекелік бағдарлама аясында жүгіру марафоны, үстел теннисінен республикалық ашық турнир, ұлттық спорт түрлерінен сайыстар және концерттік бағдарлама өтіп, қала тұрғындары мен қонақтарына ерекше көңіл күй сыйлады.
Мерекелік спорттық шаралардың бірі – салауатты өмір салтын насихаттауға арналған жүгіру марафоны болды. Оған 14 жастан асқан 500-ге жуық тұрғын қатысып, Д.Қонаев көшесі бойымен белгіленген 3 шақырымдық қашықтықты еңсерді. Жарыстың мәресі Ынтымақ алаңында ұйымдастырылды. Қатысушылар қашықтық бойында шапшаңдық пен ептілігін, күш-жігері мен төзімділігін байқатты. Марафонға қала әкімі Жандос Тасов та қатысып, спортшыларға қолдау білдірді. Жарыс қорытындысында жас ерекшеліктеріне қарай үздік нәтиже көрсеткендер анықталып, жеңімпаздар марапаттар мен алғыс хаттарға ие болды.
Сондай-ақ Қала күні аясында үстел теннисінен «Айдар Строй Групп» компаниясының жүлдесіне арналған «KENTAU CUP» республикалық ашық турнирі өтті. 2-4 қазан аралығында ұйымдастырылған бәсекеге еліміздің алты облысынан және Түркістан облысының он аудан-қаласынан 300-ге жуық спортшы жиналды. Турнирдің ашылу салтанатына Түркістан облысы әкімінің орынбасары Ертай Алтаев қатысып, жарысқа қатысушыларға сәттілік тіледі.
Ол өз сөзінде бұқаралық және балалар спортын дамыту, спорт инфрақұрылымын жетілдіру бағытындағы жұмыстардың маңызын атап өтіп, мұндай жарыстар жас спортшылардың шеберлігін шыңдап, тәжірибе алмасуына және достық байланыстарын нығайтуға мүмкіндік беретінін жеткізді. Айта кетейік, Түркістан облысындағы 25 спорттық ұйымда екі мыңнан астам спортшы үстел теннисімен тұрақты айналысады. «KENTAU CUP» турнирінің негізгі мақсаты да осы спорт түрін кеңінен насихаттап, қатысушылардың кәсіби шеберлігін арттыруға бағытталған.
Қала күніне арналған негізгі мерекелік бағдарламада ұлттық спорт түрлеріне де ерекше орын берілді. Ұлттық сайыстарда қала спортшылары өздерінің ептілігі мен шеберлігін көрсетіп, халқымыздың дәстүрлі спорттық мұрасын дәріптеді. Мұндай жарыстар ұлттық құндылықтарды жас ұрпақтың бойына сіңіріп, дәстүр сабақтастығын сақтауға ықпал етеді.
Мерекелік шара барысында қала кәсіпкерлері мен шаруа қожалықтарының қатысуымен жәрмеңке ұйымдастырылып, Кентау мен өңірде өндірілген ауыл шаруашылығы өнімдері, түрлі тағамдар мен кәсіпкерлердің тауарлары ұсынылды. Салтанатты жиында облыс әкімінің орынбасары Ертай Алтаев пен қала әкімі Жандос Тасов тұрғындарды мерекемен құттықтап, қаланың дамуына үлес қосып жүрген азаматтарға алғыс білдірді. Сонымен қатар қоғамдық өмірге және шаһардың өркендеуіне елеулі еңбек сіңірген бірқатар азаматқа «Қалаға сіңірген еңбегі үшін» төсбелгісі табысталды.
Мерекенің мазмұнын байыта түскен концерттік бағдарламада елімізге танымал Калифарния мен Әлішер Қонысбеков, сондай-ақ жергілікті өнерпаздар өнер көрсетті. Әуезді әндер мен әсерлі музыкалық қойылымдар мерекелік кештің көркін қыздырып, тұрғындардың көтеріңкі көңіл күйін еселей түсті.
Осылайша, Кентау қаласының күні спорттық бәсеке, ұлттық дәстүр мен өнер тоғысқан мазмұнды мерекеге ұласты. Бұқаралық спортты қолдау, ұлттық құндылықтарды дәріптеу және мәдени өмірді жандандыруға бағытталған мұндай бастамалар қала тұрғындарының қоғамдық белсенділігін арттырып, өскелең ұрпақтың спорт пен өнерге қызығушылығын қалыптастыруға серпін береді.
«ANYQ.KZ»-ақпарат.
