![]()
Кентау қаласына қарасты Хантағы ауылында жаңа заманауи футбол алаңшасы пайдалануға берілді. Бұл нысан ауыл жастарының спортпен тұрақты айналысуына, бұқаралық спортты дамытуға және салауатты өмір салтын қалыптастыруға бағытталған маңызды әлеуметтік жобалардың бірі болды.
Жаңа спорт нысанының ашылу салтанатына Кентау қаласының әкімі Жандос Тасов, қалалық мәслихат депутаттары, ауыл ақсақалдары, тұрғындар, жастар және спорт жанашырлары қатысты. Жиналған қауым жаңа алаңның ауыл тұрғындары үшін маңызды тарту екенін атап өтіп, оның жас ұрпақтың дене тәрбиесі мен бос уақытын тиімді ұйымдастыруға зор үлес қосатынын жеткізді.
Салтанатты рәсімде сөз сөйлеген қала әкімі Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаевтың тапсырмасына сәйкес елімізде бұқаралық спортты дамытуға, әрбір елді мекенде спорттық инфрақұрылымды жетілдіруге және тұрғындардың дене шынықтырумен тұрақты айналысуына жағдай жасауға айрықша көңіл бөлініп отырғанын атап өтті.
– Бұл жаңа спорт алаңы ауыл жастарының бос уақытын тиімді өткізуіне, футболмен және басқа да дене шынықтыру жаттығуларымен тұрақты айналысуына мүмкіндік береді. Мұндай жобалар өскелең ұрпақтың денсаулығын нығайтып қана қоймай, жастардың белсенді өмірлік ұстанымын қалыптастыруға да ықпал етеді. Хантағы ауылында инфрақұрылымды дамыту жұмыстары алдағы уақытта да жалғасады, – деді қала әкімі.
Сонымен қатар Жандос Тасов әлеуметтік маңызы бар жобаның жүзеге асуына қолдау көрсетіп, демеушілік танытқан және бастамашы болған азаматтарға ризашылығын білдіріп, олардың ауылдың әлеуметтік дамуына қосқан үлесін жоғары бағалады.
Жаңа футбол алаңының ашылуына орай ауыл жастары арасында достық турнир ұйымдастырылды. Жарысқа қатысқан командалар тартысты ойын өрнегін көрсетіп, спорттық шеберліктерін сынға салды. Турнир қорытындысында жеңімпаздар мен жүлдегерлер арнайы марапатталып, бағалы сыйлықтарға ие болды.
Бүгінде бұқаралық спортты дамыту – мемлекеттік саясаттың басым бағыттарының бірі. Заманауи спорт алаңдарының көбеюі балалар мен жастардың спортқа қызығушылығын арттырып, бос уақытын тиімді ұйымдастыруға, салауатты өмір салтын насихаттауға және ауылдық жерлердегі спорттық инфрақұрылымды нығайтуға мүмкіндік береді.
Айта кетейік, Хантағы ауылында тұрғындардың өмір сүру сапасын жақсартуға бағытталған жұмыстар жүйелі түрде жүргізілуде. Елді мекенде ауылішілік көшелерге асфальт төсеу, жаңа көпір салу және балалар ойын алаңдарын орнату сияқты маңызды жобалар қатар жүзеге асырылып жатыр. Мұның барлығы ауылдың әлеуметтік дамуына, тұрғындарға қолайлы орта қалыптастыруға және жастардың жан-жақты дамуына жағдай жасауға бағытталған.
«ANYQ.KZ»-ақпарат.
