![]()
Кентау қаласында жастар арасында дене шынықтыру мен бұқаралық спортты дамыту, салауатты өмір салтын қалыптастыру бағытындағы жұмыстар жүйелі түрде жалғасуда. Осы мақсатта қалада «Заң мен тәртіп» жобасы аясында «TUR Workout – Тәртіпке тартыл» қалалық іріктеу сайысы ұйымдастырылды.
Спорттық шараға Түркістан облысы бойынша Экономикалық тергеп-тексеру департаментінің басқарма басшысы, Экономикалық тергеп-тексеру қызметінің подполковнигі Абай Қадыров және Кентау қаласының әкімі Жандос Тасов қатысып, жарысқа қатысушыларға сәттілік тіледі.
Аталған сайысқа қала мен ауылдық округтерден 80-ге жуық жас қатысып, өзара бақ сынады. Қатысушылар воркаут спортындағы күш пен төзімділікті талап ететін жаттығуларды орындап, белтемірге тартылу, күштік жаттығулар және басқа да спорттық бағыттар бойынша өз шеберліктерін көрсетті.
Воркаут – жастар арасында кеңінен танылып келе жатқан заманауи спорт түрлерінің бірі. Ол арнайы спорт залдарын қажет етпей, ашық алаңдарда жаттығуға мүмкіндік беріп, жастардың дене дайындығын арттыруға, тәртіпке, төзімділікке және мақсатқа ұмтылуға тәрбиелейді.
Жарыс қорытындысы бойынша үздік нәтиже көрсеткен 7 кентаулық жас анықталып, облыстық кезеңге жолдама алды. Жеңімпаздар мен жүлдегерлерге арнайы марапаттар табысталды.
Мұндай спорттық жобалар жастардың бос уақытын тиімді ұйымдастыруға, олардың бойында жауапкершілік пен белсенді өмірлік ұстанымды қалыптастыруға ықпал етеді. Сонымен қатар спорт арқылы тәртіпті, салауатты және бәсекеге қабілетті жас ұрпақ қалыптастыруға мүмкіндік береді.
“Кентау қаласында бұқаралық спортты дамыту, жастарды спортқа тарту және салауатты өмір салтын насихаттау бағытындағы жұмыстар алдағы уақытта да жалғасын табатын болады”, — дейді жауаптылар.
«ANYQ.KZ»-ақпарат.
