Кентауда плоггинг арқылы салауатты өмір салты мен экологиялық мәдениет насихатталды

Loading

Кентау қаласында балалардың дене белсенділігін арттыру, салауатты өмір салтын қалыптастыру және экологиялық мәдениетті дамытуға бағытталған игі бастамалар жүйелі түрде жүзеге асырылуда. Мемлекет басшысының бастамасымен қолға алынған «Таза Қазақстан» республикалық экологиялық бағдарламасы аясында ұйымдастырылған «Плоггинг» акциясы осы мақсаттарды ұштастырған тағылымды шаралардың біріне айналды.

Қалалық «Жастар ресурстық орталығының» ұйымдастыруымен өткен экологиялық акция көпқабатты тұрғын үйлердің аулаларында өткізілді. Оған қала балалары белсенді қатысып, дене белсенділігі мен табиғатты қорғау мәдениетін қатар дәріптейтін ерекше бастамаға өз үлестерін қосты.

Плоггинг – жүгіру мен қоршаған ортаны тазартуды үйлестіретін заманауи қозғалыс. Соңғы жылдары әлемнің көптеген елдерінде кеңінен таралған бұл бастама адамның денсаулығын нығайтумен қатар, қоршаған ортаға жауапкершілікпен қарау мәдениетін қалыптастырудың тиімді тетігі ретінде танылып келеді. Кентауда өткен акция барысында балалар жарыса жүріп аула аумақтарындағы тұрмыстық қалдықтарды жинап, тазалық жұмыстарын жүргізді.

Мұндай іс-шаралар балалардың қозғалыс белсенділігін арттырып қана қоймай, табиғатты аялау, қоғамдық кеңістіктерді таза ұстау және қоршаған ортаға жанашырлықпен қарау сияқты маңызды құндылықтарды бойына сіңіруге мүмкіндік береді. Сонымен қатар, плоггинг бұқаралық спорттың қолжетімді түрі ретінде балаларды серуендеуге, жүгіруге және белсенді өмір салтын ұстануға ынталандырады.

Шара соңында белсенділік танытқан балаларға арнайы сыйлықтар табысталып, балмұздақтар үлестірілді. Бұл олардың көтеріңкі көңіл күйін еселеп, табиғатты қорғауға бағытталған бастамаларға қызығушылығын арттыра түсті.

Жауаптылардың сөзіне сүйенсек, Кентау қаласында экологиялық мәдениет пен бұқаралық спортты ұштастыратын мұндай жобалар алдағы уақытта да жалғасын табады. Денсаулықты нығайту мен қоршаған ортаны қорғауды қатар насихаттайтын плоггинг секілді бастамалар жас ұрпақтың белсенді өмірлік ұстанымын қалыптастырып, қоғамда тазалық мәдениетін орнықтыруға және салауатты өмір салтын кеңінен дәріптеуге ықпал етері сөзсіз.

«ANYQ.KZ»-ақпарат.

Ad Widget

Recommended For You