![]()
Қазақтың ұлттық ойындарын жинақтап, жүйелеп, ғылыми тұрғыда зерттеп, кейінгі ұрпаққа жеткізуге өлшеусіз үлес қосып жүрген белгілі жаттықтырушы, өнертапқыш, тоғызқұмалақ және бестемше ойындарының республикалық әрі әлемдік деңгейдегі жаттықтырушысы және төрешісі – Жандос Полатбеков.
1975 жылы Кентау қаласында дүниеге келген Жандос Аббазұлы бала кезінен ағаштан түрлі ойындар құрастырып, сызуға әуес болып өскен. А.Ясауи атындағы Халықаралық қазақ-түрік университетінде «Дене шынықтыру» мамандығын тәмамдап, кейін құрылыс саласында еңбек етіп, елорданың бірқатар ірі нысандарының бой көтеруіне үлес қосқан.
2014 жылдан бастап қазақтың ұлттық «Бестемше» зияткерлік ойынын зерттеп, оны жаңғыртуға және әлемге танытуға атсалысты. Бүгінде бұл ойын шетелдерде де танылып, мектептер мен балабақшаларда әдістемелік құрал ретінде қолданылып келеді.
Жандос Полатбековтың авторлығымен «Бүк-Шік», «Қоздату», «Тектұрмас», «Үстел үсті қазақ күресі» секілді ұлттық әрі зияткерлік ойындар әзірленді. Бұл ойындар балалардың логикалық және математикалық ойлауын, есте сақтау қабілетін, қол моторикасын дамытып қана қоймай, ұлттық құндылықтарға деген құрметін қалыптастыруға бағытталған.
2022 жылдан бері ұлттық ойындарды Түркістан облысында кеңінен насихаттап келе жатқан Жандос Аббазұлы Кентау қаласынан бастап өңір мектептері мен мектепке дейінгі ұйымдарында семинарлар өткізіп, ұлттық ойындарды оқу-тәрбие үдерісіне енгізуге үлес қосып келеді.
Ұлттық ойын – ұлттың рухани қазынасы. Оны зерттеп, жаңғыртып, заман талабына сай дамытып, келер ұрпаққа жеткізу – үлкен жауапкершілікті талап ететін іс. Осы тұрғыдан алғанда, Кентау қаласында дүниеге келген Жандос Полатбековтың ұлттық ойындарды дамытуға қосып жүрген еңбегі — дене шынықтыру мен ұлттық спортты ұлықтауға, сондай-ақ қазақ халқының мәдени мұрасын кейінгі буынға жеткізуге бағытталған маңызды бастамалардың бірі.
«ANYQ.KZ»-ақпарат.
