![]()
Кентау қаласының спорт саласындағы тағы бір жарқын жеңісі – жас шахматшы Әсел Амангелдінің халықаралық аренада ел абыройын асқақтатуы болды. Испанияның Аликанте қаласында өткен шахматтан әлем чемпионатында кентаулық спортшы жоғары нәтиже көрсетіп, әлемдік додада топ жарды.
1–13 маусым аралығында ұйымдастырылған дүбірлі жарыста Әсел Амангелді 20 жасқа дейінгі қыздар арасында шахматтың стандартты түрінен әлем чемпионы атанды. Сонымен қатар рапид сайысында алтын медаль иеленіп, блиц бағытында күміс жүлдеге қол жеткізді.
Бұл – жас спортшының ұзақ жылғы еңбегі мен тынымсыз ізденісінің, кәсіби дайындығының жемісі. Әселдің жеңісіне оның жаттықтырушысы Асхат Есенбекұлы Шотаевтың да қосқан үлесі зор. Білікті бапкердің жетекшілігімен шахматшы өз шеберлігін шыңдап, әлемдік деңгейдегі қарсыластар арасында үздік нәтиже көрсетті.
Әсел Амангелді бұған дейін де Қазақстан және Азия чемпионаттарында бірнеше мәрте жеңімпаз атанып, ел намысын халықаралық жарыстарда абыроймен қорғап келген. Енді ол әлем чемпионы атағын иеленіп, Кентау қаласының ғана емес, Қазақстан шахматының да беделін биіктетті.
Жас спортшының бұл жетістігі – өскелең ұрпаққа үлгі боларлық үлкен жеңіс. Кентау қаласының спорттық әлеуетін танытқан Әсел Амангелдіге алдағы жарыстарда жаңа белестерді бағындырып, жеңіс тұғырынан көріне беруіне тілектестік білдіреміз.
«ANYQ.KZ»-ақпарат.
