![]()
Шымкентте Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаевтың жаңғырту күн тәртібіне арналған «Реформалар мәні: Қазақстанның болашақ тарихының жеті тарауы» атты кітаптың таныстырылымы өтті. Іс-шараға кітап авторы, мемлекет және қоғам қайраткері Мәулен Әшімбаев, өңірдің ғылыми және шығармашылық зиялы қауым өкілдері, сарапшылар мен қоғам белсенділері қатысты. Кездесуде елімізде Президент бастамасымен жүзеге асырылып жатқан саяси, экономикалық және әлеуметтік реформалардың негізгі бағыттары мен олардың ел болашағы үшін маңызы талқыланды. Сапар аясында автор жергілікті бочча федерациясының өкілдерімен және қала жастарымен де жүздесті.
Кітаптың тұсаукесері М.Әуезов атындағы Оңтүстік Қазақстан зерттеу университетінде ұйымдастырылды. Кездесу барысында Мәулен Әшімбаев Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаевтың бастамасымен қолға алынған өзгерістердің тарихи маңызы мен Қазақстанның ұзақ мерзімді даму бағдарындағы рөліне тоқталды.
Еңбекте мемлекеттік басқару жүйесін жаңғырту, саяси және экономикалық реформалар, өңірлердің дамуы, ұлттық бірегейлікті нығайту, сондай-ақ Қазақстанның халықаралық аренадағы орны мен беделін арттыру мәселелері кеңінен қарастырылған.
Мәулен Әшімбаев өз сөзінде Президент реформаларының түпкі мәні мен мазмұнын айқындайтын негізгі ұстанымдарға назар аударды.
«Әділетті Қазақстан» идеясының түпкі мәні – «мемлекет мемлекет үшін» деген түсініктен «мемлекет адам үшін» қағидатына түбегейлі бет бұру. Ел дамуының жаңа парадигмасының негізінде адам және оның мүдделері тұр. Бұл ұстаным жаңа Конституцияда нақты көретілген», – деді Мәулен Әшімбаев.
Оның айтуынша, Ата заңда бекітілген құндылықтар еліміздің алдағы кезеңдегі даму бағдарын айқындап, қоғамның жаңаруына берік негіз қалайды.
Жиын барысында Қазақстанның технологиялық әлеуетін арттыру, цифрлық трансформацияның мүмкіндіктерін тиімді пайдалану мәселелері де сөз болды. Автор жаһандық өзгерістер жағдайында еліміздің жаңа мүмкіндіктерді игеріп қана қоймай, халықаралық үдерістердің белсенді қатысушысына айналуы қажеттігін атап өтті.
Шымкентке сапары аясында Мәулен Әшімбаев «Металлург» спорт кешеніне барып, өңірлік бочча құрамасының спортшыларымен кездесті. Ол жаттығу барысымен танысып, параспортшылармен, мүгедектігі бар балалардың ата-аналарымен және жаттықтырушылармен инклюзия мәдениетін дамыту мәселелерін талқылады.
Кездесу барысында шымкенттік спортшылардың жетістіктері де назардан тыс қалмады. Соңғы екі жылда қалада бочча спортымен айналысушылар санының едәуір артқаны, өңірлік команданың республикалық жарыстарда жүлделі орындарға ие болып жүргені айтылды. Сонымен қатар Шымкентте Инклюзивті спорт орталығының салынуы спортшылардың жүйелі жаттығуына және жарыстарға сапалы дайындалуына тың мүмкіндік беретіні атап өтілді.
«Араларыңыздан ұлттық құраманың болашақ мүшелері мен халықаралық жарыстардың жеңімпаздары шығатынына сенімдімін. Біз алдағы уақытта да сіздерге қолдау көрсете береміз. Жаттықтырушыларыңызбен бірлесіп, ел намысын халықаралық аренада лайықты қорғауларыңыз үшін қажетті жағдайлар жасау бағытында жұмыс істейміз», – деді Мәулен Әшімбаев.
Сапар Достық үйінде қала жастарымен өткен ашық форматтағы кездесумен жалғасты. Диалог барысында Мемлекет басшысының бастамасымен жүзеге асырылып жатқан реформалардың жас ұрпаққа ашатын мүмкіндіктері, жастардың қоғамдық өзгерістерге қатысуы және ел алдындағы азаматтық жауапкершілігі талқыланды.
Әсіресе, цифрландыру мен жасанды интеллектінің қарқынды дамуы жағдайында жастардың заманауи технологияларды меңгеруі, білім мен қабілетін ұштастырып, өз әлеуетін ел игілігіне бағыттауының маңызы атап өтілді.
Бұдан бөлек, өңір жастарының талдамалық әлеуетін арттыру мәселесіне көңіл бөлінді. Қатысушылар Шымкент қаласындағы “Taldau” экожүйесінің білім беру және қоғамдық жобаларына қызығушылық танытып, оны одан әрі дамыту жөніндегі ұсыныстары мен пікірлерін ортаға салды.
“ANYQ.KZ”-ақпарат.
