Сауран ауданның әлеуметтік-экономикалық даму көрсеткіштерінде ілгерілеу бар

Сауран ауданының әлеуметтік-экономикалық даму көрсеткіштері мен өзекті мәселелері аудан әкімі Мақсат Таңғатаровтың төрағалығымен өткен аппараттық мәжілісте қаралды. Мәжіліс барысында ауданның қаржы-бюджет саласындағы ахуалы, даму рейтингі және халықтың әлеуметтік жағдайын жақсартуға бағытталған жұмыстар талқыланды.

Күн тәртібіндегі алғашқы мәселе бойынша аудан бюджетінің игерілу барысы қаралып, жоспарланған қаржының тиімді әрі мақсатты жұмсалу деңгейі сараланды. Экономика және қаржы бөлімінің басшысы Ильяс Мырзахметов бюджеттік бағдарламалардың орындалуы жөнінде баяндама жасап, қаржының игерілу қарқыны туралы ақпарат берді.

Сонымен қатар ауданның әлеуметтік-экономикалық даму рейтингісінің көрсеткіштері талқыланып, негізгі индикаторлардың орындалу деңгейіне талдау жүргізілді. Аудан басшысы жауапты сала жетекшілеріне көрсеткіштерді жақсарту бағытындағы жұмыстарды жандандыруды және межеленген жоспарлардың сапалы орындалуын қамтамасыз етуді тапсырды.

Мәжілісте қаралған маңызды мәселелердің бірі Отбасының цифрлық картасы ақпараттық жүйесіндегі D және E санатындағы отбасылардың санын азайту бағытындағы жұмыстар болды. Жұмыспен қамту және әлеуметтік бағдарламалар бөлімінің басшысы Асылбек Сейілбекұлы атқарылып жатқан жұмыстар туралы баяндап, халықтың әлеуметтік әл-ауқатын арттыруға бағытталған шараларға тоқталды.

Жиын қорытындысында аудан әкімі көтерілген мәселелер бойынша нақты тапсырмалар беріп, жауапты бөлім басшыларына көрсеткіштердің орындалуын тұрақты бақылауда ұстауды міндеттеді. Сондай-ақ ауданның әлеуметтік-экономикалық дамуын қамтамасыз ету, бюджет қаражатының тиімді игерілуі және халықтың тұрмыс сапасын жақсарту бағытындағы жұмыстарды жүйелі жалғастыру қажеттігін атап өтті.

«ANYQ.KZ»-ақпарат.

Ad Widget

Recommended For You