
Сауран ауданының әкімі Мақсат Таңғатаровтың төрағалығымен «Рухани келісім – тұрақтылық негізі» тақырыбында дін өкілдерімен кездесу өтті. Аталған жиын ел бірлігі мен рухани тұтастықты сақтау, дін мен мемлекет арасындағы өзара түсіністік пен серіктестікті арттыру мақсатында ұйымдастырылды.
Кездесу барысында аудан аумағындағы мешіттердің заңдастыру жұмыстарының нәтижесі жарияланды. Атап айтқанда, Қазақстан мұсылмандары діни басқармасының заңды мекенжайының Алматы қаласынан Астана қаласына ауыстырылуына байланысты, Сауран ауданындағы барлығы 37 мешіттің құжаттары толықтай жаңартылып, қайта рәсімделді. Бұл бағыттағы жұмыстар жүйелі түрде жүргізіліп, толығымен аяқталғаны хабарланды.
Қазіргі таңда Сауран ауданында ҚМДБ филиалы ретінде 37 мешіт жұмыс істейді. Аудан басшысы мешіттердің заңдастырылу жұмыстарына белсенді атсалысқан бірқатар дін қызметкерлеріне Алғыс хаттар табыс етті. Бұл қадам дін өкілдерінің қоғамдағы рөлін айқындап, ынтымақтастықты нығайта түспек.
Кездесу соңында сұрақ-жауап пен ұсыныс-пікірлер тыңдалып, дін өкілдерімен өзара байланыс пен серіктестікті нығайтуға бағытталған нақты жоспарлар жасалатыны айтылды.
Аудан әкімі кездесуге арнайы уақыт бөліп қатысқан дін қызметкерлеріне алғысын білдіріп, алдағы уақытта да елдің рухани дамуына бағытталған бастамаларды бірге жүзеге асыруға шақырды.
Заңдастыру демекші, кеше Сауран ауданының әкімі Мақсат Таңғатаровтың төрағалығымен тұрғын үйге арналған жер телімдерінде заңсыз салынған кәсіпкерлік нысандар бойынша комиссия отырысы өткен болатын. Жиынға аудан прокурорының орынбасары Сухрабжан Каххаров пен аудан әкімінің орынбасарлары, салалық бөлім басшылары мен ауыл әкімдері, сондай-ақ жергілікті тұрғындар мен кәсіпкерлер қатысты.
Отырыс барысында бірінші мәселе бойынша аудандық жер қатынастары бөлімінің басшысы Асылбек Патсаев баяндама жасап, тұрғын үйге арналған мақсаттағы жер телімдерінде кәсіпкерлік мақсатта нысандардың салынуы заң талаптарына қайшы екенін атап өтті. Мұндай заңсыз құрылыс нысандары елді мекендердің жоспарлы дамуына кедергі келтіріп отырғаны айтылды.
Келесі мәселе бойынша аудандық құрылыс, сәулет және қала құрылысы бөлім басшысының орынбасары Нұрмұхаммед Сұлтанмурат сөз алып, Жаңа Иқан, Ескі Иқан, Шаға ауылдарында жүргізілген түсіндіру жұмыстары туралы баяндады. Аталған ауылдарда кәсіпкерлермен кездесулер өткізіліп, жерді мақсатты пайдалану талаптары мен құқықтық жауапкершілік түсіндірілген.
Жиын қорытындысында аудан әкімі Мақсат Таңғатаров сала басшыларына заң бұзушылықтарды жою, түсіндіру жұмыстарын барлық елді мекендерде жалғастыру және халықпен кері байланысты күшейту жөнінде нақты тапсырмалар жүктеді. Сонымен қатар, комиссия тарапынан заңсыз салынған нысандар бойынша нақты шаралар қабылдау қажеттігі айтылып, тиісті іс-шаралар жоспары бекітілді.
«ANYQ.KZ»-ақпарат.
