![]()
Сауран ауданында мемлекеттік мекемелер арасында ұйымдастырылған кіші футбол лигасының алғашқы ойындары өтті. Спорттық шара мемлекеттік қызметкерлер арасында бұқаралық спортты дамытуға, салауатты өмір салтын насихаттауға және ұжымдар арасындағы ынтымақтастықты нығайтуға бағытталған.
Жарысқа Сауран аудандық әкімдігі, аудандық емхана, Ұлттық қауіпсіздік комитеті, полиция бөлімі, аудандық мәслихат, «Мансап» орталығы, білім бөлімі, төтенше жағдайлар қызметі және Кадастр — ХҚКО командалары қатысуда.
Алғашқы тур кездесулері Шорнақ ауылында ұйымдастырылды. Алдағы уақытта жарыс өз жалғасын тауып, турнир қорытындысы бойынша үздік командалар мен үздік ойыншылар анықталатын болады.
Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаев бұқаралық спортты дамыту – ұлт саулығын нығайтудың және белсенді қоғам қалыптастырудың басты бағыттарының бірі екенін үнемі атап келеді. Президенттің тапсырмасына сәйкес елімізде тұрғындардың спортпен жүйелі айналысуына жағдай жасауға ерекше көңіл бөлінуде. Бүгінде Қазақстанда дене шынықтыру және спортпен тұрақты шұғылданатын азаматтардың саны 8,8 миллионнан асып, бұл ел халқының шамамен 44,8 пайызын құрайды. Мемлекет алдағы жылдары бұл көрсеткішті 50 пайызға дейін жеткізуді көздеп отыр. Осындай міндеттердің орындалуына өңірлердегі корпоративтік және бұқаралық спорттық жарыстардың да қосар үлесі зор. Сауран ауданында мемлекеттік мекемелер арасында бастау алған кіші футбол лигасы қызметкерлердің дене белсенділігін арттырып қана қоймай, ұйымдар арасындағы өзара ынтымақтастықты, командалық рух пен салауатты өмір салты мәдениетін нығайтуға ықпал ететін маңызды бастама болып табылады.
«ANYQ.KZ»-ақпарат.
