Сауран ауданында «Vape Out — Жарқын өмірге жол аш!» республикалық форумы өтті

Бүгін Сауран ауданында Мемлекет басшысының «Заң мен тәртіп» тұжырымдамасы аясында республикалық «Vape Out — Жарқын өмірге жол аш!» атты форум өтті. Іс-шара Түркістан облысы бойынша Экономикалық тергеп-тексеру департаментінің бастамасымен ұйымдастырылды.

Форум басталар алдында ауданның белсенді жастары арнайы флешмоб ұйымдастырып, салауатты өмір салтын ұстануға шақырды. Жастардың бірлігі мен креативтілігін көрсеткен бұл флешмоб көпшіліктің назарын аударып, форумның негізгі идеясына серпін берді.

Негізгі мақсаты — Президенттің «Заң мен тәртіп» қағидасын кеңінен түсіндіру арқылы қоғамда, әсіресе, жастар арасында вейп пен басқа да зиянды әдеттерге мүлде төзбеушілік мәдениетін қалыптастыру, құқықтық сауаттылықты арттыру және салауатты өмір салтын насихаттау. Сондай-ақ жастар мен жасөспірімдерді тәуелділіктің алдын алуға үндеу, зиянды әдеттерден аулақ болуға шақыру және бос уақытты тиімді ұйымдастыру да форумның басты міндеттерінің бірі болды.

Жиынға Түркістан облысы бойынша Экономикалық тергеп-тексеру департаментінің басшысы Ерболат Балғабаев, ҚР Қаржы министрлігінің Ішкі мемлекеттік аудит комитетінің Түркістан облысы бойынша департаментінің басшысы Бауыржан Қабдыраш, аудан әкімінің орынбасарлары, бөлім басшылары, ауыл әкімдері, жастар және зиялы қауым өкілдері мен бұқаралық ақпарат құралдарының өкілдері қатысты.

Форумның алғы сөзін Сауран ауданының әкімі Мақсат Таңғатаров сөйлеп, аудан аумағындағы жастар саясаты, олардың жетістіктері және атқарылып жатқан іс-шаралар туралы баяндама жасады. Ол өз сөзінде:

– Жастардың денсаулығын қорғау — қоғамның болашағын қорғау. Біз вейп, «дроп» және басқа да зиянды әдеттерге қарсы күресті жүйелі түрде жүргізуіміз керек. Әр ауыл, әр отбасы бұл бағытта ортақ үлес қосуы тиіс, — деп атап өтті.

Түркістан облысы бойынша Экономикалық тергеп-тексеру департаментінің басшысы Ерболат Балғабаев вейп өнімдерінің елімізге заңсыз әкелінуі, оның жастардың денсаулығына тигізетін кері әсері және оған қарсы құқықтық шаралар туралы кеңінен түсіндірді.

– Бүгінде вейп — жастар арасында кең таралған, бірақ денсаулыққа аса зиянды әдеттердің бірі. Оның құрамындағы химиялық заттар тыныс алу жүйесіне және жүрек-қантамыр ауруларына әкелуі мүмкін. Сонымен қатар, бұл өнімдердің көпшілігі заңсыз айналымда жүр. Біз заңсыз өнімдерге тосқауыл қою үшін бақылау шараларын күшейтіп жатырмыз, — деді Ерболат Балғабаев.

ҚР Қаржы министрлігінің Ішкі мемлекеттік аудит комитетінің Түркістан облысы бойынша департаментінің басшысы Бауыржан Қабдыраш мемлекеттік тәртіп пен қаржылық ашықтықты қамтамасыз етудің маңыздылығына тоқталып: «Қоғамдағы тәртіп пен заңдылық тек құқық қорғау органдарының міндеті емес. Әр азамат заңды сақтауға, мемлекет қаржысына және ортақ мүлікке ұқыпты қарауға міндетті. Бұл — жастар тәрбиесінде де басты қағида болуы тиіс», – деді.

Аса маңызды істер жөніндегі жедел уәкіл Гүлзия Қарсыбай вейп және «дроп» ұғымдарының мәні мен олардың қауіптілігі туралы кеңінен түсіндіріп, құқықтық жауапкершілікке назар аударды.

Форум аясында «Вейпсіз аудан» атты арнайы акция бастау алып, бұл бастама аудан көлемінде кең қолдауға ие болды. Бұл акцияны Сауран ауданының 12 ауылдық округтің тұрғындары мен аудан ақсақалдары, белсенділері мен жастары бірауыздан қолдады. Қатысушылар бұл бастаманың қоғам үшін үлкен тәрбиелік мәні бар екенін атап өтті. Шара барысында әлеуметтік бейнероликтер көрсетіліп, тақырыптық музыкалық қойылымдар ұсынылды.

Сауран ауданында өткен республикалық «Vape Out — Жарқын өмірге жол аш!» форумынан кейін Түркістан облысы бойынша Экономикалық тергеп-тексеру департаментінің басшысы Ерболат Темірболатұлы Балғабаев пен ҚР Қаржы министрлігінің Ішкі мемлекеттік аудит комитетінің Түркістан облысы бойынша департаментінің басшысы Бауыржан Сағынжанұлы Қабдыраш аудан активімен арнайы кездесу өткізді.

Жиынның модераторы Сауран ауданының әкімі Мақсат Таңғатаров болды. Кездесуге аудан әкімінің орынбасарлары мен бөлім басшылары, ауыл әкімдері және мекеме жетекшілері қатысты. Жиын барысында аудан әкімінің орынбасарлары 2025 жылдың алғашқы алты айында жүзеге асқан негізгі көрсеткіштер мен бастамалар бойынша есеп берді. Экономика, әлеуметтік сала, инфрақұрылым және кәсіпкерлікті дамыту бағыттарындағы жетістіктер мен алдағы жоспарлар кеңінен талқыланды.

Кездесу барысында ҚР Қаржы министрлігінің Ішкі мемлекеттік аудит комитетінің Түркістан облысы бойынша департаментінің басшысы Бауыржан Қабдыраш баяндама жасап, мемлекеттік тәртіп пен қаржылық ашықтықты қамтамасыз етудің маңыздылығына тоқталды. Ол бюджеттік қаражаттың мақсатты жұмсалуына қоғамдық бақылауды күшейту, мемлекеттік бағдарламалардың тиімді орындалуы үшін нақты шаралар қабылдау қажеттігін атап өтті.

Түркістан облысы бойынша Экономикалық тергеп-тексеру департаментінің басшысы Ерболат Балғабаев өз сөзінде ауданның экономикалық көрсеткіштеріне оң баға беріп, кәсіпкерлікті дамыту мен экономикалық қауіпсіздікті арттыру бағытындағы ұсыныстарын ортаға салды.

Ерболат Балғабаев аудан тұрғындарын жеке қабылдады. Қабылдау барысында кәсіпкерлер мен ауыл тұрғындары өздерінің әлеуметтік-экономикалық мәселелерін көтеріп, кәсіпкерлік саласында кездескен қиындықтары бойынша қолдау көрсетуін сұрады. Әрбір көтерілген мәселе жеке қаралып, заң аясында шешу жолдары түсіндірілді.

Аудан тұрғындары мұндай қабылдаулардың жергілікті деңгейдегі түйткілді мәселелерді шешуге ықпал ететінін атап өтіп, ұйымдастырушыларға алғыстарын білдірді.

Бұдан бөлек «Vape Out — Жарқын өмірге жол аш!» республикалық форумы аясында бүгін Ескі Иқан ауылдық округінде орналасқан Иқан мектеп-гимназиясында футзал және шахмат спорт түрлерінен Сауран ауданының біріншіліктерінің ашылу салтанаты өтті.

Іс-шараға Түркістан облысы бойынша Экономикалық тергеп-тексеру департаментінің басшысы Ерболат Балғабаев, ҚР Қаржы министрлігінің Ішкі мемлекеттік аудит комитетінің Түркістан облысы бойынша департаментінің басшысы Бауыржан Қабдыраш және Түркістан облысының дене шынықтыру және спорт басқармасының басшысы Ғалымжан Худияров арнайы қатысты.

Салтанатты ашылу рәсімі Қазақстан Республикасының Мемлекеттік Әнұранын шырқап басталды. Алғы сөзді Ерболат Балғабаев, Бауыржан Қабдыраш және Ғалымжан Худияров алып, спорттық шараның жасөспірімдердің денсаулығы мен тәрбиесі үшін маңыздылығына тоқталды. Олар қатысушыларға сәттілік тілеп, спорттағы әділдік пен достық рухының маңыздылығын атап өтті.

Жарысқа Сауран ауданының 12 ауылдық округінен құралған жасөспірімдер құрамалары қатысып жатыр. Футзал біріншілігіне 2013-2014 жылы туған жас спортшылар бақ сынауда. Сонымен қатар шахматтан аудан біріншілігі де қатар ұйымдастырылып, жас шахматшылар өзара мықтыны анықтайтын болады. Бұл бастама — жастардың бос уақытын тиімді өткізуіне мүмкіндік беріп, спорт арқылы салауатты өмір салтын насихаттауға бағытталған маңызды шара.

«ANYQ.KZ»-ақпарат.

Ad Widget

Recommended For You