
Шымкент қаласында санитарлық тазалықты қамтамасыз ету және абаттандыру қағидаларын сақтау мақсатында қала аумағында бірқатар рейдтік шаралар өткізіліп келеді. Аталған жұмыстар Шымкент қалалық полиция департаментінің қызметкерлері мен аудан әкімдіктерінің мамандарымен бірлесіп жүзеге асырылуда.
Рейд барысында құрылыс қалдықтары мен тұрмыстық қоқыстарды рұқсат етілмеген орындарға тастау фактілері анықталып, тиісті әкімшілік шаралар қолданылды. Тәртіп бұзушыларға қатысты Қазақстан Республикасының Әкімшілік құқықбұзушылық туралы кодексінің 434-бабы 2-тармағы (ұсақ бұзақылық) және 505-бабы (қаланың абаттандыру қағидаларын бұзу) негізінде хаттамалар толтырылды.
Қала әкімдігі мұндай іс-шаралардың тұрақты түрде жүргізілетінін мәлімдеді. Бұл бастама қалалық ортаның санитарлық жағдайын жақсартуға, экологиялық мәдениетті қалыптастыруға және қоғамдық орындарда тазалық сақтау мәдениетін арттыруға бағытталған.
Шымкент қаласының әкімдігі тұрғындарды белгіленбеген орындарға қоқыс тастамауға, қалалық тәртіп пен ережелерді сақтауға шақырады. Қаланың тазалығы барша тұрғынның ортақ жауапкершілігі екенін еске салады.
Ескерте кетер жайт, қалалық аумақты ластау немесе абаттандыру қағидаларын бұзу фактілері анықталған жағдайда, заңға сәйкес әкімшілік жауапкершілік қарастырылған.
Нақты мысал ретінде айта өтейік, Шымкент қаласының Әл-Фараби ауданының аумағында заңсыз құрылыс жұмыстарын жүргізу мен көпқабатты үйлердің аулаларында құрылыс қалдықтарын тастау мәселелеріне қатысты түсіндіру жұмыстары тұрақты түрде жүргізілуде. Бұл мақсатта Әл-Фараби ауданы әкімдігі мен жергілікті полиция қызметкерлері бірлесіп, рейдтік іс-шара ұйымдастырды.
Рейд нәтижесінде Әл-Фараби ауданының Қарасу шағынауданында бірнеше заңсыз құрылыс фактілері анықталды. Атап айтқанда, №65 көпқабатты үйдің тұрғындары рұқсатсыз құрылыс жұмыстарын жүргізіп, құрылыс қалдықтарын аулаға тастаған. Аудан әкімдігі мен жергілікті полиция қызметкерлері аталған тұрғындарға заңсыз әрекеттерін тоқтату керектігі туралы ескерту жасап, аумақты ретке келтіру бойынша міндеттемелер жүктеді.
Тұрғындар өз кезегінде, берілген ескертуге сәйкес, заңға сай әрекет етіп, құрылыс нысандарын бұзып, қалдықтарды жинау жұмыстарын жүргізді. Бұл жағдай қала тұрғындарын өз аумақтарын абаттандыруға және заңсыз құрылыс жүргізуден бас тартуға шақырады.
Шымкент қаласының әкімдігі мен жергілікті полиция қызметі қала тұрғындарын қандай да бір заңсыз құрылыс жұмыстарын жүргізбеуге, аумақты таза әрі ретке келтіруге шақырады.
«ANYQ.KZ»-ақпарат.
