
Шымкент қаласы Қаратау ауданы әкімдігі мен жергілікті полиция қызметінің ұйымдастыруымен аудан аумағында құрылыс материалдары мен инертті қалдықтардың ретсіз жинақталуына жол бермеу мақсатында кезекті рейдтік іс-шара өткізілді.
Атап айтқанда, Нұртас шағынауданының Ақсауыт және Байтереков көшелерінің қиылысында өткен рейдке аудан әкімдігінің жауапты мамандары, жергілікті полиция қызметкерлері, сондай-ақ бұқаралық ақпарат құралдарының өкілдері қатысты. Іс-шара аясында тұрғындармен санитарлық талаптарды сақтау, абаттандыру және қалдықтарды ретсіз орналастырмау жөнінде түсіндіру жұмыстары жүргізілді.
Қаратау ауданы әкімдігінің қоғамдық орта сапасын дамыту бөлімінің бас маманы Әлібек Қалдыбектің айтуынша, кейбір тұрғындар құрылыс материалдарын жеке үй аумағынан асырып, көше бойына шығарып тастаған. «Олар көршілер мен жүргіншілерге қолайсыздық тудырып отыр. Ескерту берілгенімен, түзетуге ниет танытпайтындар да бар», – деді ол.
Рейд барысында жеке тұрғын үйлердің іргелес аумағындағы құрылыс және тұрмыстық қалдықтар жиналып, тазалау жұмыстары жүргізілді. Сонымен қатар, құқық бұзушыларға түсіндіру жұмыстары жүргізіліп, тиісті әкімшілік хаттамалар толтырылды.
Аталған бағыттағы санитарлық-тазалық іс-шаралары Қаратау ауданы аумағында тұрақты түрде жалғасын табатын болады.
Осы ретте атап өтер маңызды мәселе, Шымкент қаласының сәулеттік келбетін жақсарту және кәсіпкерлік нысандардың сыртқы көрінісін бір үлгіге келтіру мақсатында түсіндіру жұмыстары жүргізілуде.
Осыған орай, басқарма басшысы жауапты сала мамандарымен бірге Сайрам көшесі бойындағы кәсіпкерлерге түсіндіру жұмыстарын жүргізіп, нысан алдындағы аумақты абаттандыру және сыртқы бөлігін заманауи талаптарға сәйкестендіру міндеттерін түсіндірді. Бұл жұмыстар бекітілген бірыңғай эскиз негізінде жүзеге асырылады.
Аталған шаралар қала келбетін көркейтуге, сәулеттік үйлесімділікті қамтамасыз етуге және жайлы қалалық орта қалыптастыруға бағытталған.
Айта кетейік, белгіленген талаптарды сақтамаған жағдайда ҚР Әкімшілік құқықбұзушылық туралы кодексінің 505-бабы негізінде жауапкершілік қарастырылған.
Әрине, таза, үйлесімді әрі көрікті қала — бәріміздің ортақ жауапкершілігіміз! Талап осыны көздейді.
«ANYQ.KZ»-ақпарат.
