
2025 жылғы 21–23 шілде аралығында Шымкент қаласы аумағында жолаушылар мен жүк тасымалын жүзеге асыратын көлік құралдарын тексеруге бағытталған «Тасымалдаушы» жедел-профилактикалық іс-шарасы өткізіліп жатыр.
Іс-шараның мақсаты – жол қозғалысы қауіпсіздігін қамтамасыз ету, жолаушылар тасымалы саласындағы заңбұзушылықтардың алдын алу және көліктердің техникалық жай-күйін бақылау, қоғамдық көлік жүргізушілерінің жол қозғалысы ережелерін сақтауын қамтамасыз ету, жолаушыларды тасымалдау кезінде қауіпсіздік талаптарының орындалуын бақылау және осы саладағы құқықбұзушылықтардың алдын алу.
Іс-шара барысында патрульдік полиция полкінің қызметкерлері рейдтік тексерулер жүргізіп, қоғамдық көлік құралдарының техникалық жағдайына, жүргізушілердің құжаттарының толықтығы мен жарамдылығына, жолаушыларды заңсыз тасымалдау фактілеріне ерекше назар аударуда. Сондай-ақ, жүргізушілердің еңбек және демалыс режимін сақтау, қауіпсіздік белдігін қолдану, жылдамдық режимін бұзбау мәселелері де бақылауға алынған.
Бұдан бөлек қоғамдық көліктердің аялдамада тоқтау тәртібі мен жолаушыларды түсіру және отырғызу ережелерін сақтауына да мән берілуде.
«Тасымалдаушы» іс-шарасы – жолаушылар қауіпсіздігіне бағытталған кешенді алдын алу жұмыстарының бір бөлігі. Полиция қызметкерлері құқықбұзушылықтарға «мүлдем төзбеушілік» қағидаты бойынша әрекет ету үстінде.
Патрульдік полиция полкінің қызметкерлері рейд барысында:
• жүргізушілердің құжаттарын,
• көлік құралдарының техникалық жағдайын,
• қауіпсіздік белбеуінің қолданылуын,
• жолаушыларды заңсыз тасымалдау деректерін тексеруде.
Құрметті жүргізушілер! Қауіпсіздік ережелерін қатаң сақтаңыздар! Заңнама талаптарын бұзған тұлғаларға тиісті шаралар қабылданады.
Тасымалдау демекші, бүгінде Шымкент қаласында жолаушылар тасымалын қамтамасыз ету мақсатында 82 бағыт бойынша күн сайын 984 автобус қызмет көрсетеді. Оның ішінде 845 автобус заманауи салқындатқыш жүйесімен жабдықталған болса, 139 автобуста мұндай жүйе зауыттан орнатылмаған.
Пайдалануға берілгеніне 5 жылдан асқан «Ankai» маркалы шамамен 300 автобус қызмет етеді. Тасымалдаушы мекемелермен жасалған келісімшарттар аясында автопаркті кезең-кезеңімен жаңарту міндеттемесі қарастырылған. Осы жоспарға сәйкес, 2025 жылдың қыркүйегіне дейін 200 жаңа автобус сатып алу көзделіп отыр. Жаңа автобустардың келуі техникалық ақауларға байланысты жиі тоқтайтын ескі автобустарды алмастыру арқылы қаладағы қоғамдық көлік қызметінің сапасын арттыруға ықпал етері анық.
«ANYQ.KZ»-ақпарат.
