
Күн тәртібінде “Есірткі, психотроптық заттармен және сол тектестермен өткізу мақсатынсыз заңсыз жұмыс істеу жайттары бойынша полиция қызметкерлерінің тергеу әрекеттері” тақырыбы қаралып, “Қазақстан Республикасы Конституциясының отыз жылдығына байланысты рақымшылық жасау туралы” Заңның негізгі талаптары түсіндірілді.
Жиында полиция департаменті бастығының орынбасары полиция полковнигі Асылжан Қалдарбеков төрағалық етіп, семинардың маңыздылығына тоқталды.
Іс-шарада қала прокуратурасының басқарма бастығының орынбасары Берік Ештаев және анықтау басқармасының бастығы полиция полковнигі Нұрдәулет Сүйеубековтің баяндамалары тыңдалды.
Семинар барысында қатысушылар өзекті мәселелерді талқылап, пікір алмасты. Аудандық полиция басқармаларының қызмет жөніндегі және тергеу жөніндегі орынбасарлары, тергеу, анықтау, жергілікті полиция қызметі бөлімдерінің басшылары, учаскелік полиция инспекторлары, патрульдік полиция полкінің командир орынбасарлары мен рота командирлері қатысып, тәжірибелерімен бөлісті.
Есірткі демекші, Шымкентте полицейлер жазғы лагерьде де балалармен профилактикалық кездесу өткізген болатын. Яғни Шымкент қаласы полиция департаментінің есірткі қылмысына қарсы іс-қимыл басқармасының қызметкерлері жазғы лагерьде балалармен кездесіп, танымдық әңгіме жүргізді. Іс-шара Халықаралық нашақорлыққа және есірткінің заңсыз айналымына қарсы күрес күніне орайластырылған. Мамандар балаларға өз денсаулығына мұқият қараудың, зиянды әдеттерден аулақ болудың және белсенді өмір салтын ұстанудың маңызын түсіндірді. Тәртіп сақшылары бейтаныс адамдар ұсынған белгісіз заттарды ешқашан алмау керектігін, сондай жағдай туындаса, не істеу керек екенін қарапайым әрі түсінікті тілмен айтып жеткізді. Кездесу жылы әрі достық атмосферада өтті. Балалар қонақтарды қызығушылықпен тыңдап, сұрақтар қойып, өз ойларымен бөлісті. Шара соңында полиция қызметкерлері балаларға көңілді және қауіпсіз демалыс тіледі.
«ANYQ.KZ»-ақпарат.
