
Шымкент қаласы полиция департаментіндегі Үкіметтік емес ұйымдармен және қоғаммен өзара іс—қимыл жөніндегі кеңес 2025 жылдың алғашқы жартыжылдығындағы жұмысын қорытындылады.
Кеңестің басты мақсаты – қоғамды, ең алдымен жастарды есірткі қатерінен қорғау жолында полиция, азаматтық сектор мен жастар бастамаларының күшін біріктіру.
Кеңес құрамына 14 адам енген. Нақтырағы, қоғамдық ұйым өкілдері, мәслихат депутаттары, спортшылар, есірткі қылмысына қарсы іс-қимыл және нашақорлықтың алдын алу саласындағы мамандар, танымал блогерлер, журналистер және басқа да медиа тұлғалар кіреді.
Кеңес құрылған сәттен бастап қала бойынша бірқатар ауқымды іс-шараның үйлестірушісі әрі ұйымдастырушысы болды. Мектептерде, колледждер мен жоғары оқу орындарында үнемі алдын алу дәрістері, семинарлар мен кездесулер өткізеді. Бұл кездесулер жастарға есірткінің зияны туралы айтып қана қоймай, балама жол – спорт, отаншылдық, салауаты өмір салты ұсынылады.
Кеңес жастар жобалары мен бастамаларын белсенді қолдап келеді. «Спорт — есірткіге қарсы» ұранымен жарыстар ұйымдастырылып, патриоттық және экологиялық акциялар өткізілді. Есірткіге қарсы бейнероликтер түсіріліп, мектеп оқушылары, студенттер мен әскери қызметшілердің қатысуымен 10-нан астам жаппай шара өтті. Мұндай жобаларға қатысу жастарға ізгілікті, жауапкершілікті және рух күшін таңдауға көмектеседі.
Қоғамдық ұйымдармен бірлесіп, есірткі жарнамасы бар граффитилерді бояу акциялары өтті. Шара барысында 200-ден астам жазба жойылды. Бұл – тек визуалды үгітке қарсы күресқана емес, қылмыстық идеологияға төзбеушіліктің және таза, қауіпсіз ортада өмір сүруге деген ұмытылыстың айқын белгісі.
Естеріңізде болса, осыдан 4-5 күн бұрын Шымкент қаласы полиция департаментінің есірткі қылмысына қарсы іс-қимыл басқармасы еріктілермен бірлесе отырып, есірткі жарнамасына қарсы бағытталған арнайы акция өткізді.
Аталған іс-шара аясында есірткі заттары насихатталған және жарнамаланған орындарды анықтап, оларды жою жұмыстарын жүргізді. Соның ішінде, қала аумағындағы ғимараттар мен үй-жайлардың сыртқы қабырғасына есірткімен байланысты заттардың қысқаша атаулары, олар насихатталған интернет сілтемелердің немесе әлеуметтік желі парақшалары мен каналдардың атаулары жазылған мекенжайларды анықтап, арнайы бояулармен өшірді.
Полиция есірткі, психотроптық заттарды немесе сол тектестерді, прекурсорларды насихаттау немесе заңсыз жарнамалау үшін ҚР Қылмыстық кодексінің 299-1 бабы бойынша қылмыстық жауапкершілік көзделгенін ескертеді.
«ANYQ.KZ»-ақпарат.
