
Биыл Шымкент қаласында мектеп жанындағы лагерьлерді қоса алғанда балаларға арналған жалпы 275 жазғы сауықтыру орындары жұмыс атқару үстінде. Олардың әрқайсысында «Заң мен тәртіп» қағидатын жүзеге асыру аясында жасөспірімдер қылмысының, оның ішінде есірткіге қарсы және нашақорлықтың алдын алу бойынша кешенді түсіндіру жұмыстары өткізіліп келеді.
Әрбір кездесуде полицейлер демалушылар мен балаларға есірткі немесе басқа да психоактивті заттардың қауіптілігін, оның денсаулыққа алып келер зардабын түсіндіріп, салауатты өмір салтын ұстанудың маңыздылығын жеткізіп келеді. Сонымен қатар, жасөспірімдер арасында жиі кездесетін құқық бұзушылықтар және әлеуметтік желілердегі кейбір ақпараттардың қауіптілігі ескертілуде.
Осындай кезекті іс-шараны Есірткі қылмысына қарсы іс-қимыл басқармасының қызметкерлері «Үш бұлақ» және «Hawaii» сауықтыру орталықтарына арнайы барып, балалармен есірткіге қарсы науқан өткізді. Кездесу барысында балалардың ақпаратты толық игеруін қамтамасыз ету мақсатында сұрақ-жауап түрінде зияткерлік ойындар өткізілді. Оның соңы спорттық іс-шаралармен жалғасып, естелікке суретке түсумен аяқталды.
Шымкент қаласының полицейлерінің өмірінен тағы бір ақпаратты қоса айтсақ. Шымкент қаласындағы «Арбат» жаяу жүргіншілер аймағында Литва азаматы, турист Мантас адасып қалған. Ер адам байланыссыз қалып, қонақүйіне өз бетінше қайта алмаған. Оған бірден туристік полиция қызметкерлері көмекке келді. Полицейлер туристің телефонын зарядтап, бағыт-бағдар беріп, уақытша орналасатын орын тауып берді.
Көмек көрсету сәтін жақын маңда жүрген түсірілім тобы таспалап алған екен. Абырой болғанда, жағдай тез шешіліп, турист Шымкенттегі сапарын еш кедергісіз жалғастырды. Бұл оқиға туристік полицияның әрдайым қиындыққа тап болған әрбір жанға көмек көрсетуге дайын екенін және қала қонақтарының қауіпсіздігі мен жайлылығын қамтамасыз етуге үлкен үлес қосатынын айқындайды.
«ANYQ.KZ»-ақпарат.
