Шымкент қаласында «Құқықтық көмек» жобасы аясында Тұран тұрғын алабында көшпелі қоғамдық қабылдау өтті

«AMANAT» партиясы Шымкент қалалық филиалының ұйымдастыруымен «Құқықтық көмек» партиялық жобасы аясында Қаратау ауданына қарасты Тұран тұрғын алабында көшпелі қоғамдық қабылдау өтті.

Іс-шараға партияның қалалық филиалы Қоғамдық қабылдау бөлмесінің меңгерушісі Гүлжанат Баетова мен қалалық мәслихат депутаты Талғат Балтабаев, Жолаушылар көлігі және автомобиль жолдары басқармасы мен аудандық әкімдік өкілдері, заңгерлер мен құқық қорғау органдарының қызметкерлері қатысты. Олар азаматтарды жеке мәселелері бойынша қабылдап, түйткілді жағдайларды шешу жолдарын қарастырды.

Қабылдауға келген тұрғындар негізінен инфрақұрылым мен қоғамдық көліктерге қатысты өтініштерін білдірді. Барлық ұсыныс пен талаптар хаттамаға енгізіліп, жауапты сала мамандарының бақылауына алынды.

Айта кетейік, жыл басынан бері қалада 249 қоғамдық қабылдау өткізіліп, 1973 азаматтың өтініші тыңдалған. Оның 69 пайызы оң шешімін тапса, қалғанына заң аясында түсінік берілген. Сондай-ақ, жалпы партияның қалалық және аудандық филиалдарына 7830 жеке шағым түскен, оның 81 пайызы қанағаттандырылған.

Халықтың қаржылық қауіпсіздігі мен сауаттылығын арттыру мақсатында ауқымды шаралар қолға алынды

Бұдан бөлек қоса кетер тағы бір мәселе, Шымкент шаһарында қаржылық қауіпсіздік және кибералаяқтыққа қарсы қорғау шаралары жүргізіліп жатыр. Мәселен, «Заң мен тәртіп» қағидаты аясында полиция қызметкерлері тарапынан халықтың қаржылық қауіпсіздігі мен сауаттылығын арттыру мақсатында ауқымды шаралар қолға алынуда. Атап айтсақ, «Заң және тәртіп: Қаржылық алаяқтықтан қорғану жолдары» атты семинар өтті.

Іс-шараға Экономикалық тергеу департаменті, Ұлттық банк және Шымкент қаласы Полиция департаментінің қызметкерлері қатысты. Киберқылмысқа қарсы іс-қимыл басқармасының жедел уәкілі Қабыл Сұлтан «Қаржылық алаяқтықтың жолдары» тақырыбында сөз сөйледі. Қала тұрғындарына алаяқтық қылмыстарының жаңа тәсілдері жөнінде және алаяқтардың арбауына түсіп қалмау жайлы айтылды.

Қазіргі таңда интернет-алаяқтық қылмыстар санының артуына байланысты қаржылық сауаттылықты арттыру өзекті мәселеге айналғаны анық. Осыған байланысты полицейлер қаржылық қауіпсіздік және кибералаяқтыққа қарсы қорғау шаралары туралы жұртшылықты кеңінен ақпараттандыруда.

«ANYQ.KZ»-ақпарат.

 

Ad Widget

Recommended For You