Шымкент қаласында алғаш рет Ұлттық футбол құрамасы оқу-жаттығу жиынын өткізіп жатыр

Қазақстан ұлттық футбол құрамасы тарихында алғаш рет Шымкент қаласында оқу-жаттығу жиынын өткізіп жатыр. Команда алдағы халықаралық жолдастық кездесулерге дайындық аясында Қажымұқан атындағы Орталық стадионда жаттығуда. Бұл туралы Шымкент қаласы әкімінің баспасөз қызметі хабарлады.

Бір аптаға жоспарланған оқу-жаттығу жиыны 4 маусым күні аяқталады. Одан кейін ұлттық құрама Арменияға аттанып, халықаралық кездесулерге қатысады.

Ұлттық құрама алғашқы жолдастық матчын 6 маусым күні сырт алаңда өткізеді. Ал 9 маусымда FIFA рейтингінде 42-орында тұрған Венгрия құрамасына қарсы алаңға шығады. Бұл кездесулер қазақстандық футболшылар үшін халықаралық тәжірибе жинақтап, шеберліктерін шыңдауға мүмкіндік береді.

Бұл жолғы жиынға Шымкенттің «Ордабасы» футбол клубынан бірнеше ойыншы шақырту алды. Олардың қатарында тәжірибелі Сергей Малый мен Бекхан Шайзада бар. Сондай-ақ ұлттық құрама сапына алғаш рет қосылған жас футболшылар Жасұлан Әмір мен Мағжан Тоқтыбай үшін бұл жиын үлкен жауапкершілік пен зор мүмкіндік саналады.

Айта кетейік, Қажымұқан атындағы Орталық стадион 2025 жылы толық ағымдағы жөндеуден өтіп, заманауи талаптарға сай жаңғыртылды. Стадиондағы табиғи көгал толық ауыстырылып, автоматтандырылған суару жүйесі орнатылды. Бүгінде бұл спорт нысаны Шымкент футболының ғана емес, еліміздегі заманауи спорт инфрақұрылымының маңызды орталықтарының біріне айналып отыр.

Ұлттық құраманың оқу-жаттығу жиынының Шымкентте өтуі – қаланың спорттық әлеуеті мен инфрақұрылымының жоғары деңгейде екенінің айқын дәлелі. Ұлттық құраманың оқу-жаттығу жиынының Шымкентте өтуі қаланың спорттық инфрақұрылымы мен ұйымдастырушылық мүмкіндігінің жоғары деңгейде екенін айқын көрсетеді. Бүгінде елімізде бұқаралық спортпен жүйелі түрде айналысатын азаматтардың саны 8,4 миллионнан асып, халықтың шамамен 41 пайызын құрап отыр. Мемлекет басшысы бұқаралық спортты дамыту мен халықаралық деңгейдегі спорттық инфрақұрылымды жетілдіруді маңызды міндеттердің бірі ретінде айқындаған. Осы тұрғыдан алғанда, ұлттық құраманың Шымкентті таңдап, дайындық өткізуі мегаполистің спорт саласындағы әлеуетінің артып келе жатқанын білдіреді. Бұл қадам өңірдегі футболдың дамуына серпін беріп қана қоймай, жас спортшылардың кәсіби өсуіне және ел спортының бәсекеге қабілеттілігін арттыруға ықпал етеді.

«ANYQ.KZ»-ақпарат.

Ad Widget

Recommended For You