Шымкент қаласында нашақорлықтың алдын алуға бағытталған концерт ұйымдастырылды

“Shymkent City Park” саябағында Халықаралық нашақорлыққа және есірткінің заңсыз айналымына қарсы күрес күніне орай «Таза өмір – сенің таңдауың» атты жастарға арналған концерттік бағдарлама өтті. Іс-шара “Есірткісіз Қазақстан” акциясы шеңберінде, сондай-ақ қоғамда “Заң мен Тәртіп” идеологиясын ілгерілету мақсатында ұйымдастырылды.

Шараға құқық қорғау және жергілікті атқарушы орган өкілдері, қала жастары, еріктілер және өнер адамдары қатысты. Сахнада тақырыпқа сай баннерлер мен арнайы ақпараттық көрмелер қойылды. Келушілерге есірткіге қарсы бағыттағы жадынамалар таратылды.

Іс-шара барысында азаматтарға есірткіден және нашақорлықтан сақтану жолдары, оның салдары мен белгіленген жауапкершілік туралы түсіндірілді. Салтанатты жиында қоғамдық тәртіпті қамтамасыз етуге, есірткіге қарсы күреске, нашақорлықтың алдын алуға және салауатты өмір салтын дәріптеуге белсенді атсалысқан бірқатар азаматтар арнайы марапаттарға ие болды.

Шараға қатысқан Шымкент қаласы полиция департаменті бастығының орынбасары Ұлықбек Мылтықов өз сөзінде: «Есірткіге қарсы күрес полицейлер үшін тек кәсіби міндет қана емес, бұл – азаматтардың өмірі мен денсаулығын қорғауға бағытталған күнделікті жұмыс. Нашақорлықтың алдын алуда және есірткіге қарсы күресте әрқайсымыздың үлесіміз маңызды. Есірткіге қарсы айлық аясындағы жұмыста азаматтардың да белсенділік танытқаны қуантады. Біздің ортақ әрекетіміз нәтиже беретініне сенімдімін. Баршаңызға алғыс білдіремін», – деді.

Атап өтейік, бұл іс-шара қоғамда салауатты өмір салтын қалыптастыруға, жастарды дұрыс таңдау жасауға үндеуге бағытталған маңызды қадамдардың бірі болды.

Сонымен қатар Шымкент қаласы полиция департаментінің қызметкерлері қоғамда “Заң мен Тәртіп” идеологиясын ілгерілету және жол қозғалысы қауіпсіздігін арттыру мақсатында тағы бір кең ауқымды іс-шара ұйымдастырды.

“Металлург” стадионында өткен флешмобқа «Жас сақшы» сыныптарының оқушылары, студенттер, еріктілер, департаменттің жеке құрамы, Ұлттық ұлан сарбаздары және кәсіби спортшылар қатысып, өз үлестерін қосты. Шара барысында жас жол инспекторлары жол жүру ережелері мен жол белгілерін жақсы меңгергендерін көрсетіп, өз білімдерін ортаға салды.

Полицейлер жол қозғалысы қағидаларын қатаң сақтау, мұқият болу және қозғалыстың барлық қатысушыларына құрметпен қарау қажеттігі туралы түсіндіру жұмыстарын жүргізді.

Тәртіп сақшылары жол қауіпсіздігі әр азаматтың ортақ жауапкершілігі екенін атап өтті.

«ANYQ.KZ»-ақпарат.

Ad Widget

Recommended For You