Шымкент қаласында рақымшылыққа ілінгендердің алды абақтыдан шыға бастады

Шымкентте мемлекет басшысы Конституцияның 30 жылдығына орай жариялаған рақымшылыққа ілінгендер бостандыққа шыға бастады. Олардың алғашқы легі №54 және №55 түзеу мекемесінен босатылды.

Жалпы, №54 түзеу мекемесінде рақымшылыққа байланысты 20 адамның ісі қаралған-ды. Бостандыққа шыққан үш адамның ісін қалалық қылмыстық істер жөніндегі мамандандырылған ауданаралық соты онлайн өткізді. Сот оларды дереу босатуға қаулы еткен. Бостандыққа шыққандар Президент заңының күтпеген сый болғанын айтады.

Түзеу мекемесінің мәліметінше, жалпы мекемеде 233 жазасын өтеуші рақымшылық заңына ілінген. Рақымшылықпен босап шығатын 10 жазасын өтеуші ұрлық сияқты ауырлығы орташа қылмыс жасағандар екен. Қалған сотталушылардың жаза мерзімі қысқарады. Кім және қалай рақымшылыққа ілінетінін заң аясында сот шешеді.

Қазақстан Республикасының Президенті биыл Конституциямыздың 30 жыл толуына байланысты рақымшылық заңына қол қойды. Соған байланысты біздің мекемеден жазасын өтеп жатқан сотталғандардың 233 сотталғанға қатысты рақымшылық заңы қолданылады. Оның ішінде 10 азамат мекемеден босатылуға жатады. Қалған 223 сотталған азаматтардың мерзімдері қысқартылады» — дейді №54 мекеме басшысының орынбасары Қуаныш Қасымбек.

Ресми мәліметке қарағанда, қауіпсіздігі орташа №54 мекемесінде 800-ден аса сотталушы жазасын өтеп жатыр. Мекеме ер адамдарға шақталған. Онда ауыр және аса ауыр қылмыс жасағандар да жазасын өтеп жүр.

Бұдан бөлек 17 шілде күні кешкісін Шымкент қаласындағы қауіпсіздігі барынша жоғары №78 мекемеден Президент Конституцияның 30 жылдығына орай жариялаған рақымшылыққа ілінген 5 әйел бостандыққа шықты. Олар «Алаяқтық» бабы және «Ұрлық» бабымен сотталып, жазасын өтеп жүрген. Мекеме дерегінше, жалпы рақымшылыққа 15 жазасын өтеуші ілінген. Он әйелдің жаза мерзімі қысқарған. Жалпы, Шымкенттегі қауіпсіздігі барынша жоғары №78 мекеме 250-ден аса әйел жазасын өтеп жүр.

Айта кетейік, 11 маусым күні Мәжілістің жалпы отырысында депутаттар «Қазақстан Республикасы Конституциясының 30 жылдығына байланысты рақымшылық жасау туралы» заңды қабылдады. Бұған Президент Қасым-Жомарт Тоқаевтың Ұлттық Құрылтайда бас бостандығынан айырылған жүкті және кішкентай балалары бар әйелдердің жағдайына назар аудару туралы тапсырмасы негіз болды.

«ANYQ.KZ»-ақпарат.

Ad Widget

Recommended For You