Шымкент қаласында тыйым салынған сайттарды жарнамалаған жазбаларды таратушы ұсталды

Шымкент қаласы прокуратурасының бастамасымен жүзеге асырылып жатқан «Құқықтық тәртіп және тазалық» жобасы аясында қалалық коммуналдық қызметтер – «тазалық сақшылары» құқық бұзушылықпен күресте белсенді көмек көрсетіп келеді.

Олардың қырағылығының нәтижесінде қала көшелеріне есірткі заттарын сататын интернет-дүкендердің жарнамасын жазып жүрген 28 жастағы Шымкент тұрғыны ұсталды. Тергеу барысында ер адам қаржылай қиындықтарға тап болып, «Telegram» мессенджері арқылы күмәнді «қосымша табыс» туралы хабарландыруға келіскен. Белгісіз тапсырыс берушіден нұсқаулар алып, ол түнгі уақытта трафарет пен аэрозольді бояу арқылы тыйым салынған сілтемелерді жазған.

Сот үкімімен ол Қылмыстық кодекстің 299-1-бабының 2-бөлігімен есірткі құралдарын заңсыз жарнамалау қылмысы бойынша 3 жыл 3 ай мерзімге бас бостандығынан айырылды.

ІІМ Есірткі қылмысы қарсы іс-қимыл комитеті төрағасының міндетін атқарушы Данияр Мейірханның сөзіне сүйенсек, еліміз бойынша биыл жеті айда есірткіге қатысты 4655 құқықбұзушылық анықталыпты. Олардың 2100-і ауыр және аса ауыр қылмыстар санатына жатады. Есірткі жасырушылардан бастап есірткі бизнесін ұйымдастырушыларға дейінгі қылмыстық схемалар ашылған. Ұйымдасқан қылмыстық топтарды құру және басқару фактілері бойынша 24 қылмыстық іс қозғалды, оның ішінде үш трансұлттық қылмыстық топ жойылды. 12 басшы мен 48 белсенді қатысушы ұсталды.

«Халықаралық серіктестік аясында Ресей Федерациясымен бірлесіп, өткен жылдан бері іздеуде жүрген күдікті ұсталды. Ол ел аумағында синтетикалық есірткі өндіру бойынша бірнеше есірткі зертханасының жұмысын ұйымдастырған.

Ағымдағы жылы 11 тоннадан астам есірткінің айналымға түсуіне жол берілмеді. Сонымен бірге синтетикалық есірткінің тәркіленген көлемі үш есеге артып, бір тоннадан асты. Есірткі өсірудің 322 фактісі және 76 контрабанда дерегі анықталды.

Жаңа цифрлық шешімдердің арқасында жастар арасында танымал есірткі сайттарының бұғатталуы үш есеге артты. Олардың саны 20 мың. Шоттарында 2,5 миллиард теңге жинақталған күдікті операциялармен байланысты 38 мың банк картасы бұғатталды.

102 есірткі зертханасы жойылды: олардың 11 синтетика өндіру бойынша, 91 фитозертхана. Есірткі бизнесіне 110 млн АҚШ доллары көлемінде шығын келтірілді. Аталған бағытта жұмыс жалғасуда», — дейді ІІМ Есірткі қылмысы қарсы іс-қимыл комитеті төрағасының міндетін атқарушы Данияр Мейірхан.

Егер сіз күдік тудыратын граффити, жарнама немесе басқа да әрекеттерді байқасаңыз, 102 нөміріне хабарлаңыз. Есірткі жарнамасы – бұл жай жазба емес, қылмыс. Өзіңізді және жақындарыңызды қорғаңыз!

«ANYQ.KZ»-ақпарат.

Ad Widget

Recommended For You