
Шымкент қаласының қылмыстық істер жөніндегі ауданаралық сотында сотталушы Д.-ға қатысты қылмыстық іс қаралды. Сотталушы Д.-ға Қылмыстық кодекстің 345-бабының 3-бөлігімен (көлік құралдарын басқаратын адамның жол жүрісі немесе көлік құралын пайдалану қағидаларын бұзу, яғни абайсызда адам өліміне әкеп соққан іс-әрекет) айып тағылған.
Д. 2025 жылдың сәуір айында көлік құралын басқару құқығын беретін жүргізуші куәлігінің жоқ екендігіне қарамастан, «TOYOTA CAMRY» автокөлігін Шымкент қаласындағы Қасым хан көшесінің бойымен басқарып келе жатып, жәбірленуші Э.-нің басқаруындағы автокөлікпен соқтығысып, жол-көлік оқиғасын жасап, нәтижесінде өзінің көлігіндегі жолаушы К. алған дене жарақаттары салдарынан ауруханада қайтыс болған, ал өзге жолаушылар У., С. орташа дәрежедегі дене жарақаттарын алған.
Сотталушының тағылған айып бойынша кінәсі іс бойынша жинақталған құжаттармен дәлелденеді. Прокурор сотталушыға бас бостандығынан айыру жазасын тағайындауды сұрады. Жәбірленушілер сотталушыға кешірім бермейтінін көрсетіп, бас бостандығынан айыру жазасын тағайындауды сұрады. Сотталушы кінәсін толық мойындап, өзіне жеңіл жазаны тағайындауды сұрады.
Жаза тағайындау барысында сотталушының қылмыстық жауапкершілігін жеңілдететін мән-жайлар ретінде істеген іс-әрекетіне шынайы өкініш білдіруін, ауырлататын мән-жайлар іс бойынша анықталмады. Сот азамат Д.-ны Қылмыстық кодекстің 345-бабының 3-бөлігімен кінәлі деп танылып, 5 жыл мерзімге көлік құралын жүргізу құқығынан айыра отырып, 2 жыл 6 ай мерзімге бас бостандығынан айыру жазасын тағайындады. Үкім заңды күшіне енбеді.
Осы тұста еске салар тағы бір жайт, жүргізуші куәлігінсіз немесе мас күйінде көлік басқару — өз өміріңді ғана емес, өзгенің тағдырын да қыл үстіне қою. Соңғы уақытта мас жүргізушілердің қатысуымен болған жол-көлік оқиғалары қайғылы жағдайларға себеп болуда.
Естеріңізде болсын:
Мас күйінде рөлге отыру — қасақана жасалған қылмыс.
Бұл әрекет жолда жүрген жазықсыз адамдардың өмірін қиюы мүмкін.
Әр мас жүргізуші — көшедегі қауіпті адам.
Патрульдік полиция полкі жол қозғалысы ережесін өрескел бұзып, мас күйінде көлік басқарған тұлғаларға қатысты заң аясында қатаң шара қолданатынын ескертеді.
Өз қауіпсіздігіңіз үшін, жақындарыңыздың амандығы үшін — мас күйінде көлік жүргізуден бас тартыңыз!
Көрсеңіз — бірден полицияға хабарлаңыз!
Тәртіп — ортақ қауіпсіздік кепілі.
Жол — ойын алаңы емес. Заңды құрметтейік, аман болайық!
«ANYQ.KZ»-ақпарат.
