Шымкент қаласында жалпы өңірлік өнім көлемі бойынша соңғы 7 жылдағы ең жоғары өсім тіркелді

2025 жылдың қорытындысы бойынша Шымкент қаласының жалпы өңірлік өнімі 5,7 триллион теңгені құрап, өсім 11%-ға жетті. Бұл республика бойынша орташа көрсеткіштен (6,5%) едәуір жоғары. Нәтижесінде мегаполис өңірлер арасында Астана қаласынан кейін 2-ші орында тұр. Бұл туралы Шымкент қаласы әкімінің баспасөз қызметі хабарлады.

Бұл – соңғы жеті жылдағы ең жоғары өсім қарқыны. Экономикалық өсімге өнеркәсіп өндірісінің артуы, жаңа кәсіпорындардың іске қосылуы, өңдеу өнеркәсібіндегі жобалардың жүзеге асырылуы және инвестиция тарту жұмысының күшеюі оң серпін берді.

Сонымен қатар құрылыс саласындағы жоғары қарқын, тұрғын үй көлемінің ұлғаюы, инфрақұрылымдық жобалардың жүзеге асырылуы және сауда айналымының кеңеюі өңір экономикасының кешенді дамуына ықпал етті.

Қазір жалпы өңірлік өнім құрылымында өнеркәсіп саласының үлесі 20%, ал сауда саласының үлесі 25,5%-ды құрап отыр.

Соңғы үш жылда өңір экономикасы қарқынды дамып, жалпы өңірлік өнім көлемі 2022 жылғы 3,3 триллион теңгеден 2025 жылы 5,7 триллион теңгеге дейін өсіп, шамамен екі есеге ұлғайды. Сондай-ақ шағын және орта кәсіпкерліктің жалпы өңірлік өнімдегі үлесі 40,5%-дан 56%-ға дейін артты.

Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаев экономиканы әртараптандыру, өндіріс пен кәсіпкерлікті дамыту елдің тұрақты өсімінің басты кепілі екенін атап өткен болатын. Бүгінде республикада экономиканың нақты секторын қолдау бағытындағы жұмыстар нәтижесінде оң көрсеткіштер қалыптасып келеді. Ұлттық статистика бюросының соңғы мәліметіне сәйкес, 2025 жылдың қорытындысында Қазақстанның жалпы ішкі өнімі 5 пайыздан жоғары өсім көрсетсе, өңдеу өнеркәсібіндегі өсім 6 пайызға жуықтады. Ал шағын және орта бизнестің ел экономикасындағы үлесі 39 пайыздан асты.

Осы тұрғыда Шымкент қаласының экономикалық көрсеткіштері республикалық орташа деңгейден әлдеқайда жоғары болып отыр. Жалпы өңірлік өнімнің 5,7 триллион теңгеге жетіп, өсімнің 11 пайызды құрауы – мегаполистің инвестициялық және өндірістік әлеуетінің айқын дәлелі. Сонымен қатар соңғы үш жылда жалпы өңірлік өнім көлемінің 3,3 триллион теңгеден 5,7 триллион теңгеге дейін ұлғаюы, ал шағын және орта бизнестің үлесінің 56 пайызға жетуі Шымкенттің ел экономикасындағы драйвер өңірлердің біріне айналғанын көрсетеді. Бұл қарқын алдағы уақытта да жаңа өндірістердің ашылып, халықтың әл-ауқатының артуына негіз болмақ.

«ANYQ.KZ»-ақпарат.

Ad Widget

Recommended For You