Шымкент қаласында жастарға құқықтық жауапкершілік мәселесі түсіндіріліп, оларды есірткімен бірлесіп күресуге шақырды

Шымкент қаласында жастар арасында құқықтық сауаттылықты арттыру және өзекті құқықтық мәселелерді талқылау мақсатында «Заңды білу – заман талабы» тақырыбында Мұхтар Әуезов атындағы Оңтүстік Қазақстан зерттеу университеті жастарының қатысуымен арнайы «дөңгелек үстел» өтті. Сала мамандарының белсенділік танытуымен жастар арасында қозғалып жүрген өзекті мәселелерді талқылаған жиын жастардың құқықтық сауаттылығын арттыру, заң талаптарын түсіндіру және құқық бұзушылықтың алдын алу мақсатын көздеді.

«Дөңгелек үстелге» М. Әуезов атындағы Оңтүстік Қазақстан зерттеу университетінің бірінші проректор міндетін уақытша атқарушы Құрманғали Сарқұлов, Шымкент қаласы Қаратау ауданы прокуратурасының аға прокуроры Дінислам Әлжан, Шымкент қаласы бойынша Экономикалық тергеп-тексеру департаментінің аса маңызды істер жөніндегі жедел уәкілі, подполковник Камилхан Исмаилов, Шымкент қаласы полиция департаменті Есірткі қылмысына қарсы іс-қимыл басқармасының аса маңызды істер жөніндегі аға жедел уәкілі, полиция майоры Бауыржан Карбеков, Академик Ә. Қуатбеков атындағы Халықтар достығы университетінің Тәрбие және жастар бөлімінің төрағасы, ректор көмекшісі, «Есірткісіз болашақ» қозғалысының мүшесі Данияр Қожабек қатысты.

— Есірткі қылмыстарының белең алғаны соншалық, статистикалық деректер өте қорқынышты.Соңғы 5 жылда қаламызда анықталған есірткі қылмыстарының саны өткен жылдармен салыстырғанда күрт өскен. Нақтырақ айтсам, 2020 жылы полиция қызметкерлерімен 272 есірткімен байланысты қылмыстық құқық бұзушылық анықталса, 2021 жылы – 350, 2022 жылы – 455, 2023 жылы – 612, 2024 жылы – 541 дерек тіркелген. Соңғы 5 жылдағы өсу деңгейі 2 есені құрап отыр.
Ал, осы жылдың қаңтар айының өзінде полиция қызметкерлерімен 47 есірткімен байланысты қылмыстық құқық бұзушылық анықталған. Алайда, бір ғана полиция оны өздігінен жеңе алмайды. Бұл жұмыстарға еліміздің барлық азаматтары, әсіресеғ сіздер — жалынды жастар, еліміздің болашағы ретінде атсалысуларыңыз қажет, — деп полиция майоры Бауыржан Қанатұлы жастарды есірткімен бірлесіп күресуге шақырды.

Іс-шара барысында сала мамандары жастарға заңнамалық нормалар мен құқықтық жауапкершілік, экономикалық қауіпсіздік пен есірткі қылмысының алдын алу тақырыптарында жан-жақты ақпарат берді. Сондай-ақ, қатысушылар заң бұзушылықтардың салдары мен олардың қоғамға тигізетін зияны туралы пікір алмасып, өздерін қызықтырған сұрақтарға жауап алды.

«ANYQ.KZ»-ақпарат.

Ad Widget

Recommended For You