![]()
Шымкентте тұрғындардың зияткерлік спортпен айналысуына арналған бірден үш жаңа шахмат үйі пайдалануға берілді. Жаңа нысандар Абай атындағы саябақта, Металлургтер саябағында және 17-шағынаудандағы жаяу жүргіншілер аллеясында орналасқан. Ашылу салтанатына қала әкімі Ғабит Сыздықбеков, Халықаралық шахмат федерациясының (FIDE) және Қазақстан шахмат федерациясының (KazChess) президенті Тимур Турлов қатысты.
Қала әкімі жаңа нысандардың ашылуы тұрғындардың бос уақытын тиімді ұйымдастыруға, әсіресе балалар мен жастардың зияткерлік қабілетін дамытуға мүмкіндік беретін маңызды бастама екенін атап өтті. Оның айтуынша, Шымкентте шахматқа қызығушылық жыл сайын артып келеді. 2024 жылы Орталық саябақта ардагерлер мен аға буын өкілдеріне арналған Шахмат үйі ашылған болатын. Енді бұл игі бастама жалғасын тауып, қала тұрғындары үшін тағы үш қолайлы орын жасақталды.
«Қаламызда шахматқа деген қызығушылықтың жыл сайын артып келе жатқаны қуантады. Жаңа нысандар тұрғындарға бас қосуға, шахматпен тұрақты айналысуға және бос уақытын пайдалы өткізуге мүмкіндік береді. Алдағы уақытта да бұқаралық спортты дамытуға және дарынды спортшыларды қолдауға ерекше көңіл бөлеміз», – деді Ғабит Сыздықбеков.
Жаңа нысандардың ішіндегі ең үлкені Абай атындағы саябақта орналасқан. Оның жалпы аумағы 223 шаршы метрді құрайды. Қалған екі павильонның әрқайсысы 81 шаршы метр аумақты алып жатыр. Олардың бірінде жазғы терраса қарастырылған. Барлық шахмат үйі арнайы үстелдермен жабдықталған. Бұл келушілерге қолайлы жағдайда ойын ойнап, шеберліктерін шыңдауға мүмкіндік береді.
FIDE және KazChess президенті Тимур Турлов шахмат инфрақұрылымының қолжетімді болуы болашақ чемпиондарды даярлауда және шахмат қозғалысын кеңейтуде айрықша маңызға ие екенін жеткізді. Оның пікірінше, жоғары жетістіктер спортының негізі – бұқаралық қызығушылық пен балалардың ойынға деген сүйіспеншілігі.
«Шымкент турнирлер саны мен дарынды ойыншылардың, әсіресе, балалар мен жастардың үлесі бойынша көшбасшы қалалардың қатарына сенімді түрде еніп келеді. Дегенмен, чемпиондар өздігінен қалыптаспайды. Үлкен спорт бұқаралық қызығушылық пен ойынға деген сүйіспеншіліктен басталады. Сондықтан бірден үш шахмат үйінің ашылуын маңызды қадам деп санаймын. Бұл нысандар қаланың қоғамдық өмірінің ажырамас бөлігіне айналып, Шымкенттің Қазақстан мен Орталық Азиядағы жетекші шахмат орталықтарының бірі ретіндегі орнын нығайта түсетініне сенімдімін», – деді Тимур Турлов.
Шахмат үйлерінің құрылысын “Freedom Holding Corp.” компаниясы «Freedom Шапағат» корпоративтік қоры арқылы қаржыландырды. Құрылыс жұмыстарын «Орда-Строй Капитал» ЖШС атқарды. Ал нысандар пайдалануға берілгеннен кейін “Freedom Telecom” оларды интернет желісіне қосуды жоспарлап отыр.
Айта кету керек, жаңа шахмат үйлерінің ашылуы – Шымкентте осы спорт түрін дамытуға бағытталған көпжылдық жұмыстың жалғасы. Мегаполистің шахмат тарихы бай. Қала спортының қалыптасуы мен дамуына Тамара Клинк, Ләззат Тәжиева, Гүлісхан Нахбаева және Ринат Жұмабаев секілді танымал шахматшылардың есімдері тығыз байланысты. Шымкент шахмат мектебінің өкілдері бірнеше мәрте ел чемпионы атанып, халықаралық додаларда жоғары деңгейде өнер көрсетті.
Бүгінде бұл дәстүрлер балалар спортын дамыту, жас таланттарды қолдау және ірі халықаралық жарыстар өткізу арқылы жалғасып келеді. Атап айтқанда, 2024 жылы Шымкентте FIDE әйелдер арасындағы Гран-при кезеңі ұйымдастырылды. Ал 2026 жылдың наурыз айында жүлде қоры 25 миллион теңгені құрайтын “KazChess Masters Nauryz” халықаралық турнирі өтті.
Сонымен қатар шахматтық білім беру бағытында да жүйелі жұмыстар жүргізілуде. Тамыз айында 48 жергілікті педагог «Білім берудегі шахмат» бағдарламасы бойынша арнайы оқудан өтті. Бұл бастама шахматты білім беру үдерісіне кеңінен енгізуге және өскелең ұрпақтың логикалық ойлау қабілетін дамытуға бағытталған.
Осылайша, үш жаңа шахмат үйінің ашылуы қаладағы зияткерлік спорттың дамуына тың серпін бермек. Жаңа алаңдар әуесқойлар мен тәжірибелі спортшылардың басын қосып, тұрғындардың шахматпен жүйелі айналысуына жағдай жасайды. Ең бастысы, жас ұрпақтың қабілетін шыңдап, Шымкенттің шахмат орталығы ретіндегі әлеуетін арттыруға жол ашады.
“ANYQ.KZ”-ақпарат.
