Шымкент қаласының әкімі екі жаңа спорт залының ашылуына қатысты

Loading

Шымкентте бұқаралық спортты дамыту және тұрғындарға дене шынықтырумен тұрақты айналысуға қолайлы жағдай жасау бағытындағы жұмыстар жалғасуда. Осы мақсатта Қайнарбұлақ және Нұрсәт шағынаудандарында ангар үлгісіндегі екі жаңа модульді спорт залының құрылысы аяқталып, пайдалануға берілді. Нысандардың ашылу салтанатына қала әкімі Ғабит Сыздықбеков пен «Қазақстан халқына» қоғамдық қоры басқармасының төрайымы Ләззат Шыңғысбаева қатысты.

Салтанатты рәсімде қала әкімі спорт инфрақұрылымын дамыту, әсіресе, тұрғындарға үйіне жақын жерде жаттығуға мүмкіндік жасау маңызды міндеттердің бірі екенін атап өтті.

«Әр шағынауданның тұрғындары тұрақты жаттығып, денсаулығын нығайтуға, белсенді өмір салтын ұстануға мүмкіндік алуы маңызды. Біз спорт нысандарының қолжетімділігіне ерекше назар аудара отырып, қаланың спорт инфрақұрылымын дамытуды жалғастырамыз», – деді Ғабит Сыздықбеков.

Айта кетейік, жаңа спорт кешендерінің құрылысы 2025 жылдың қараша айында басталған. Жобалар «Қазақстан халқына» қоғамдық қорының қолдауымен жүзеге асырылып, қала тұрғындарына әлеуметтік игілік ретінде тарту етілді. Бұл бастама мемлекеттік органдар мен қоғамдық ұйымдар арасындағы әріптестіктің нәтижесінде бұқаралық спортты дамытуға бағытталған инфрақұрылымдық мүмкіндіктерді кеңейтуге жол ашып отыр.

Модульді спорт залдары баскетбол, волейбол және шағын футбол ойындарын өткізуге қажетті құрал-жабдықтармен толық қамтамасыз етілген. Сонымен қатар нысандарда ұлдар мен қыздарға арналған жеке киім ауыстыру бөлмелері, душ кабиналары, жаттықтырушыларға арналған бөлмелер қарастырылған. Көрермендер үшін 50 орындық арнайы аймақ жасақталған. Ал жылдың суық мезгілінде де жаттығуларды үздіксіз өткізу мақсатында ғимараттарға жылыту жүйелері орнатылған.

Жаңа нысандар балалар мен жасөспірімдердің спортқа қызығушылығын арттырып қана қоймай, ересек тұрғындардың да дене белсенділігін дамытуына мүмкіндік береді. Әсіресе, спортпен шұғылдануға қолайлы жағдайдың тұрғын үй аумағына жақын орналасуы халықтың бос уақытын тиімді ұйымдастыруға ықпал етеді.

Осылайша, Қайнарбұлақ пен Нұрсәт шағынаудандарында ашылған спорт залдары қаланың бұқаралық спорт инфрақұрылымын толықтырып, салауатты өмір салтын қалыптастыруға және тұрғындардың денсаулығын нығайтуға қызмет етпек.

“ANYQ.KZ”-ақпарат.

Ad Widget

Recommended For You