Шымкент қаласының әкімі өзекті мәселелер бойынша нақты тапсырмалар берді

Loading

Шымкент қаласының әкімі Ғабит Сыздықбековтің төрағалығымен өткен аппараттық кеңесте мемлекеттік қызметтердің сапасы, фармацевтикалық қызметтің жай-күйі, электр желілерін дамыту және қаланы қысқы кезеңге дайындау мәселелері қаралды.

«Азаматтарға арналған үкімет» мемлекеттік корпорациясы» КЕАҚ қалалық филиалының директоры Айнұр Тобаеваның мәліметінше, мемлекеттік тізілімдегі қызметтердің 91,8 пайызы корпорация арқылы көрсетіледі. Жыл басынан бері халыққа қызмет көрсету орталықтарында 679 мыңнан астам, өзіне-өзі қызмет көрсету секторларында 347 мыңнан астам қызмет ұсынылған. Сондай-ақ қалада тұрғындарға цифрлық қызметтерді өз бетінше алуға мүмкіндік беретін AI кеңсесі іске қосылды. Биыл тоғыз айда әлеуметтік қамсыздандыру саласында 91,3 мың қызмет көрсетіліп, олардың басым бөлігі проактивті форматта тағайындалған.

Фармацевтикалық қызметке қатысты баяндама жасаған ҚР Денсаулық сақтау министрлігі Фармация комитеті департаментінің басшысы Айгүл Садықова қалада 868 фармацевтикалық нысан, оның ішінде 650 дәріхана жұмыс істейтінін айтты. Тоғыз айда жүргізілген тексерулер нәтижесінде 73 заң бұзушылық анықталып, 53 әкімшілік іс қозғалған. Өндірілген айыппұл көлемі 15,7 миллион теңгеден асты. Негізгі заң бұзушылықтар қатарында дәрілерді рецептсіз босату, тіркелмеген препараттарды сақтау және өткізу деректері бар. Әсіресе тегін берілуге тиіс дәрілік заттардың заңсыз сатылуына жол бермеу мәселесіне басымдық берілуде. Тұрғындар препараттар мен олардың шекті бағасы туралы ақпаратты «NAQTY ONYM» қосымшасы арқылы тексере алады.

Энергетика және инфрақұрылымды дамыту басқармасы басшысының міндетін атқарушы Ерасыл Серік биыл электрмен жабдықтау сапасын арттыруға бағытталған сегіз жоба жүзеге асырылып жатқанын баяндады. Сайрам, Сәуле және Қайнарбұлақ тұрғын алаптарында электр желілерінің құрылысы жалғасуда. Сонымен қатар өнеркәсіптік нысандарды желілерге қосу жұмыстары жүргізілуде. Нәтижесінде шамамен 24 мың тұрғынды электрмен жабдықтау сапасы жақсарады. Бұдан бөлек, инвестициялық бағдарлама аясында қосалқы стансалар мен электр желілері жаңартылып, автоматтандырылған есепке алу жүйесіне арналған 2 350 құрылғы орнатылады. Жыл соңына дейін электр желілерінің тозу деңгейін 56,2 пайызға дейін төмендету жоспарланған.

Қысқы маусымға дайындық барысы туралы қалалық жайлы ортаны дамыту басқармасының басшысы Әбілхайыр Оңғар хабарлады. Қар тазалау жұмыстарына 617 арнайы техника мен үш мыңға жуық жұмысшы жұмылдырылады. Олар 474 магистральдық және 3 632 орамішілік көшені күтіп ұстайды. Көктайғаққа қарсы 32,1 мың текше метр құм мен 24,9 мың тонна тұз дайындалған. Қосымша 14,8 мың текше метр құм және жеті мың тонна тұз сатып алу көзделген. Қарды уақытылы шығару үшін арнайы алаңдар белгіленіп, қажетті орындар әзірленуде.

Кеңес қорытындысында қала әкімі жауапты басшыларға мемлекеттік қызметтердің сапасын арттыруды, дәрілік заттар айналымына бақылауды күшейтуді, электр инфрақұрылымын дамыту жобаларын мерзімінде аяқтауды және қысқы кезеңге дайындықты жоғары деңгейде ұйымдастыруды тапсырды.

“ANYQ.KZ”-ақпарат.

Ad Widget

Recommended For You