![]()
Шымкентте тұрғындарды баспанамен қамту және қаланың көлік инфрақұрылымын жаңарту бағытындағы жұмыстар қатар жүргізілуде. Қала әкімі Ғабит Сыздықбеков қаланы аралау барысында бірқатар әлеуметтік және инфрақұрылымдық нысандардағы жұмыстардың барысын тексеріп, жауапты сала басшыларына нақты тапсырмалар берді.
Аралау барысында 40 отбасыға жаңа пәтерлердің кілті табысталды. Бозарық шағынауданындағы жаңа тұрғын үйлерден берілген 1, 2 және 3 бөлмелі пәтерлер азаматтарға кейіннен сатып алу құқығымен жалға берілді. Бұл тетік тұрғындарға бірден жеке меншікке ие болуды талап етпей, баспананы жалға пайдалана отырып, кейін оны сатып алуға мүмкіндік береді.
Жаңа қоныстанушылар қатарында әлеуметтік осал санаттағы азаматтар бар. Олардың арасында толық емес отбасылар, жалғызбасты аналар, ерекше қажеттілігі бар балаларды тәрбиелеп отырған ата-аналар, жетім және ата-анасының қамқорлығынсыз қалған балалар, сондай-ақ Ұлы Отан соғысына қатысушыларға теңестірілген азаматтар бар. Пәтерлер толық әрленіп, қажетті инженерлік инфрақұрылыммен қамтамасыз етілген күйде тапсырылды.
Жаңа баспанаға қол жеткізгендердің бірі – Ақбота Түркебаева. Ол 2015 жылдан бері тұрғын үй кезегінде тұрған. Көп жылдық күтуден кейін пәтер кілтін қолына алған азамат үшін бұл күн отбасымен бірге жаңа өмір бастауға мүмкіндік берген маңызды оқиға болды.
Шымкентте тұрғын үй құрылысы да қарқын алып келеді. Жыл соңына дейін 7 386 пәтерді пайдалануға беру жоспарланса, бүгінде оның 3 400-ден астамы ел игілігіне берілген. Қалған нысандарды кезең-кезеңімен аяқтау көзделген. Бұл ретте баспананың санымен қатар, оны азаматтарға ұсынудың қолайлы әрі қолжетімді тетіктерін дамытуға басымдық берілуде.
Қаладағы өзгерістер тұрғын үй секторымен шектелмейді. Ғабит Сыздықбеков Алтынсарин көшесін қайта жаңғырту барысын тексерді. Қазіргі таңда жолға асфальттың үшінші қабаты төселіп, оң жақ өткел абаттандырылуда. Қазығұрт шағынауданындағы жол жөндеу жұмыстары мен Момынов көшесіндегі теміржол үстінен өтетін автомобиль өткелінің құрылысы да назарға алынды. Мұнда жол белгілерін орнату, деформациялық жіктерді жабдықтау және іргелес аумақты абаттандыру жұмыстары жүргізілуде.
Сонымен қатар Елтай тұрғын алабындағы нөсер жауыннан зақымданған канал учаскесін қалпына келтіру жұмыстары тексерілді. Жоба аясында ұзындығы 910 метр канал арнасын бетондау және ирригациялық арықтар орнату жоспарланған. Мердігерге құрылыс технологиясын қатаң сақтау тапсырылды.
Осы жұмыстардың барлығы Шымкенттің өсіп келе жатқан қалалық инфрақұрылымын тұрғындардың нақты қажеттіліктеріне бейімдеуге бағытталған. Бір жағынан – баспанаға қолжетімділікті арттыру, екінші жағынан – жол мен инженерлік инфрақұрылымды жаңарту. Қала басшысы нысандардағы жұмыстың сапасы мен мерзімінің сақталуын тұрақты бақылауда ұстайтынын атап өтті.
«ANYQ.KZ»-ақпарат.
