![]()
Шымкентте қала ішіндегі көлік қатынасын жақсартуға бағытталған маңызды инфрақұрылымдық жобалардың бірі кезең-кезеңімен жүзеге асырылуда. Мұстафа Шоқай көшесінен Тұран шағынауданына дейінгі аралықты жалғайтын Ыбырай Алтынсарин көшесінің 2 шақырымдық учаскесінде автокөлік қозғалысы техникалық тұрғыда іске қосылды.
Шымкент қаласының әкімі Ғабит Сыздықбековтің айтуынша, жаңа жол учаскесінің ашылуы қаланың бірқатар аудандары арасындағы көлік байланысын жақсартуға мүмкіндік береді. Сонымен қатар бұл бағыт Бәйдібек би даңғылында салынып жатқан жолайрыққа түсетін жүктемені азайтып, көлік ағындарын тиімді қайта бөлуге ықпал етеді.
Ыбырай Алтынсарин көшесінің жаңғыртылуы тұрғындардың күнделікті қатынауын жеңілдетіп, балама бағыттардың пайда болуына жол ашады. Әсіресе, көлік қозғалысы қарқынды учаскелердегі жүктемені қайта бөлу қаланың жол-көлік жүйесінің жалпы өткізу қабілетін арттыруға мүмкіндік береді.
Жоба бастапқыда жоспарланған мерзімнен ұзаққа созылды. Бұған жол құрылысы жүргізілетін аумақтағы жер телімдері мен тұрғын үйлерді мемлекет мұқтаждығына алу мәселелерін шешу қажеттілігі себеп болған. Осы жұмыстардың барлық кезеңінде тұрғындармен келіссөздер жүргізіліп, тиісті рәсімдер жүзеге асырылды. Қала әкімі жобаны іске асыру барысында түсіністік танытып, сабыр сақтаған азаматтарға алғыс білдірді.
Қайта жаңғырту жұмыстары толық аяқталғаннан кейін Ыбырай Алтынсарин көшесі төрт жолақты заманауи магистральға айналады. Қолайлы ауа райы орнаған соң жол жабынының екінші қабаты төселеді. Сонымен қатар жақын уақытта оң жақ бұрылыс жолақтарын салу жұмыстары да аяқталмақ.
Жол инфрақұрылымын жаңғырту жұмыстары бекітілген кестеге сәйкес кезең-кезеңімен жалғасады. Қала әкімдігі жол қозғалысының қауіпсіздігін қамтамасыз етуге және нысандағы жұмыстардың сапалы орындалуына басымдық беріп отыр.
Қала басшылығы жаңа жол учаскесі іске қосылғаннан кейін жүргізушілерді жол белгілерінің талаптарын сақтауға, белгіленген жылдамдық режимін бұзбауға және қозғалыс қауіпсіздігі ережелерін қатаң ұстануға шақырды. Жаңа магистральдың толық қуатында жұмыс істеуі Шымкенттің көлік жүйесін дамытудағы маңызды қадамдардың біріне айналмақ.
«ANYQ.KZ»-ақпарат.
