Шымкент қаласының Патрульдік полиция полкі туристерге қызмет көрсету взводының қызметкері шетелдік азаматтарға ақпараттық түсіндіру жұмысын жүргізді

Полиция капитаны Диана Есенгельдиева шетелден келген азаматтарға арнайы әзірленген туристік картаны көрсетіп, сондай-ақ мобильдік қосымшадағы туристерге арналған ақпаратпен таныстырды.
Туристік картада қаланың негізгі қауіпсіз бағыттары, мәдени-тарихи орындар мен демалыс аймақтары, құқық қорғау органдары мен медициналық көмек көрсету мекемелерінің мекенжайы, полицияның байланыс нөмірлері мен QR арқылы қосымшаға қолжеткізу мүмкіндігі қамтылған. Мобильдік қосымшада электронды карта, шұғыл байланыс батырмалары, туристерге арналған кеңестер мен нұсқаулықтар және қаланың инфрақұрылымы туралы толық мәліметтер қолжетімді.
Бұл шаралар туристердің қалада өзін қауіпсіз әрі жайлы сезінуіне мүмкіндік береді және құқықтық сауаттылықты арттыруға бағытталған.

Сарапшылар туристерге тек ресми көздерге сенуді, броньдар мен төлемдерді тексерілген платформалар арқылы жүргізуді және күмәнді ұсыныстардан сақ болуды ескертеді.

Шетелдік азамат демекші, орайы келгенде айта өтер тағы бір маңызды ақпарат, Шымкент қаласының полиция департаменті өкілдері әлеуметтік желідегі алаяқтар туралы ескертеді. Желі қолданушыларының кейбірі өздерін махаббат іздеп жүрген шетелдіктер ретінде көрсететін алаяқтардың құрығына түсіп қалып жатыр. Мұндай алдамшы онлайн махаббаттың соңы тек жаралы жүрек пен бос әмиянға әкеп соғады.

Әдемі таныстық, романтикаға толы сөздер, кездесу туралы уәде, тіпті үйлену жайлы арман-мақсаттар… Бірақ кейін әңгіме барысында қиындықтардың туындағаны туралы айтылады. Түрлі сылтаумен ақшалай көмек алуға ұмтылады.

Осындай схемаға алданған Астана қаласының тұрғыны өзімен интернет арқылы сөйлескен адамға сеніп, тоғыз миллион теңгесінен айырылған.

Интернеттегі алаяқтықтың негізгі белгілері:

– ғашықтық сезімін тез білдіру;

– бейнеқоңыраудан немесе жеке кездесуден бас тарту;

– аяныш сезімін тудырып, қиын өмірлік жағдайлар туралы баяндау;

– ақша, құжаттар немесе бағалы заттарды жіберуді сұрау.

Полицейлер азаматтарға бейтаныс адамдарға сене бермеуге, күмәнді шоттарға ақша аудармауға, әрдайым ақпаратты мұқият тексеруге кеңес береді. «Күдік туындаған жағдайда бірден 102 нөміріне хабарласыңыз», — дейді ведомство жауаптылары.

«ANYQ.KZ»-ақпарат.

Ad Widget

Recommended For You