
Прокуратура бизнес қауымдастық өкілдерімен өткен республикалық салық форумына қатысты. Салық кодексіндегі негізгі өзгерістер мен салық төлеушілерге қойылатын жаңа талаптар, салықтық тәуекелдер мен басымдықтар, сондай-ақ басқа да мәселелер талқыланды.
Шымкент қаласының прокуратурасы өкілдері ағымдағы жылдың басынан 2 387 кәсіпкердің, оның ішінде 103 инвестордың құқығы қорғалғанын, 15 әкімшілік кедергі жойылғанын, 30 тұлға тәртіптік, 3 әкімшілік жауаптылыққа тартылғанын атап өтті. Бизнес субъектілердің құқықтарын қорғау мәселесі қала прокуратурасының ерекше бақылауында тұр. «Бизнес субъектілері өзекті мәселелер туындаған жағдайда кәсіпкерлер мен инвесторлардың құқықтарын қорғау жөніндегі байланыс орталығының +77076150010 нөміріне немесе Фронт-офиске (Шымкент қаласы, Ерімбетов көшесі, 304 г, Заңғар бизнес орталығының ғимараты) хабарласа алады», — дейді қалалық прокуратураның жауаптылары.
Естеріңізде болса, Мемлекет басшысы биыл 7 ақпанда бизнес қоғамдастығымен өткен кездесу барысында «Үкімет және құқық қорғау органдары арқылы мемлекет кәсіпкерлердің заңды қызметіне ешқандай кедергі келтірмеуге тиістілігі туралы айрықша атап өтіп, тиісті тапсырмалар берген болатын. Осыған байланысты Шымкент қаласы прокурорының 07.08.2025 жылғы 7 тамыздағы №14 өкімімен кәсіпкерлік субъектілерін рейдерлік және қылмыстық қудалау алаңына заңсыз тарту фактілерін жою мақсатында мекемеаралық жұмыс тобының құрамы бекітілді. Жұмыс тобының құрамына құқық қорғау, жергілікті атқарушы органдары және «Атамекен» кәсіпкерлік палатасынаның өкілдері кірді.
15 тамыз күні олардың қатысуымен кәсіпкерлік палатаның алаңында топтың бірінші отырысы өткенін атап өткен жөн. Оның барысында қылмыстық процестің орбитасына тартылған кәсіпкерлердің құқықтарын қорғаудың заңдылығының жай-күйі, проблемалық мәселелер, сондай-ақ алдағы жоспарлар талқыланды.
«Прокуратураның негізгі міндеттері — кәсіпкерлердің құқықтарын және оларды негізсіз тексерулер мен қудалаудан қорғау. Бұл мәселе қала прокуратурасының ерекше бақылауында тұр», — дейді прокуратура өкілдері.
P.S. Айтпақшы, Шымкент қаласы прокуратурасының қызметкерлері руханиятқа да ерекше көңіл бөледі. Мәселен, олар Абай атындағы кітапханаға арнайы барып, ұлы ойшыл, қазақ халқының рухани шамшырағы – Абай Құнанбайұлының шығармашылық мұрасымен танысты. Саяхат барысында қатысушыларға ақынның әдеби еңбектері мен «Қара сөздеріндегі» тәлім-тәрбиелік, философиялық мәні жайында тың деректер ұсынылды. Ұлы ойшылдың шығармашылығына арналған бұл танымдық сапар қызметкерлерге үлкен әсер қалдырды.
«ANYQ.KZ»-ақпарат.
