![]()
Абай күні – ұлт руханиятын ұлықтап, ұлы ойшылдың тағылымын кейінгі ұрпаққа насихаттайтын маңызды мереке. Осы айтулы күнге орай Шымкентте тоғызқұмалақтан ерлер арасындағы «Абай мұрасы – ұлт қазынасы» атты қалалық чемпионат ұйымдастырылды.
Ұлттық ойын мен ұлы ақын мұрасын сабақтастырған жарысты Шымкент қаласының дене шынықтыру және спорт басқармасы мен қалалық тоғызқұмалақ федерациясы өткізді. Шараның негізгі мақсаты – Абай Құнанбайұлының рухани мұрасын дәріптеу, ұлттық құндылықтарды кеңінен насихаттау және халқымыздың бай зияткерлік ойыны – тоғызқұмалақты дамыту.
Жарыс барысында 20-дан астам спортшы классика және блиц бағдарламалары бойынша бақ сынады. Тоғызқұмалақ – тек спорттық бәсеке ғана емес, ой ұшқырлығын, сабыр мен есепке жүйріктікті талап ететін ұлттық зияткерлік мұра. Сондықтан мұндай додалардың жас ұрпақтың бойында ұлттық сана мен зерделілікті қалыптастырудағы маңызы зор.
Чемпионат қорытындысында үздік нәтиже көрсеткен алты спортшы қыркүйек айында Ақтау қаласында өтетін Қазақстан Республикасының чемпионатына жолдама алды. Бұл – шымкенттік тоғызқұмалақшылар үшін өз шеберлігін елдік деңгейде танытуға берілген маңызды мүмкіндік.
Шараға дене шынықтыру және спорт басқармасының қызметкерлері, Шымкент қаласының тоғызқұмалақ федерациясының президенті Алмас Өмірбекұлы, аға жаттықтырушы Сабит Қалдыбекұлы, спортшылар мен бұқаралық ақпарат құралдарының өкілдері қатысты.
Абайдың «толық адам» идеясында білімге, еңбекке, талап пен ойға ерекше мән берілсе, тоғызқұмалақ та адамды терең ойлауға, сабыр сақтап, дұрыс шешім қабылдауға баулиды. Осы тұрғыдан алғанда, Абай мұрасын ұлттық ойынмен сабақтастырған чемпионаттың тәрбиелік мәні айрықша. Мұндай бастамалар ұлттық құндылықтарды дәріптеп қана қоймай, тоғызқұмалақтың бұқаралық сипат алып, ұрпақтан-ұрпаққа жалғасуына жол ашады.
«ANYQ.KZ»-ақпарат.
