Шымкент: Абай саябағында заңсыз салынып кеткен құрылыстар бойынша сот шешімі қалай орындалып жатыр?

Шымкент қаласындағы Абай саябағы аумағында орналасқан бірқатар заңсыз құрылыс нысандары бойынша сот процестері өткізілді. Бұл нысандарға қатысты мемлекеттік органдар тарапынан тиісті талап арыздар беріліп, заң аясында шаралар қабылдану үстінде.

Нақтырақ айтқанда, «Саят» өндірістік кооперативінің «СОХО» кафесіне қатысты Шымкент қаласының мамандандырылған ауданаралық экономикалық соты 2024 жылғы 29 қарашада №5265-24-00-2/3358 шешімімен құрылыс нысандарын жауапкердің есебінен мәжбүрлеп бұзу туралы талапты қанағаттандырды. Кейін 2025 жылғы 12 ақпанда Шымкент қалалық соты бұл шешімді өзгеріссіз қалдырды (№2а-116/25). 2025 жылғы 16 мамырда сотта тараптар татуласу келісіміне келіп, «СОХО» кафесінің ғимараты мемлекет меншігіне өту туралы ұйғарым шығарылды.

Бұдан бөлек Абай саябағы аумағында орналасқан «INGOLSTAD» кафесіне қатысты да сот шешімі қабылданды. 2024 жылғы 18 желтоқсанда Шымкент қаласының мамандандырылған ауданаралық экономикалық соты №5265-2-00-2/3880 шешімімен құрылыс нысандарын жауапкердің есебінен мәжбүрлеп бұзу туралы талапты қанағаттандырды. Бұл шешім 2025 жылғы 19 наурызда апелляциялық сатыда қаралып, өзгеріссіз қалдырылды. Сонымен қатар, сот алқасы тараптардың медиация тәртібімен татуласу келісімін мақұлдамады. Қазіргі таңда аталған іске байланысты татуласу келісімін бекіту туралы өтініш Шымкент қаласының мамандандырылған ауданаралық экономикалық сотына қайта жолданып, іс қаралу үстінде. Ал, «Колизей» кафесіне қатысты Шымкент қаласының мамандандырылған ауданаралық экономикалық соты 2025 жылғы 24 сәуірде №5265-25-00-2/77 шешімімен мемлекеттік органның талап арызын қанағаттандырусыз қалдырды. Бұл шешімге қарсы апелляциялық шағым беріліп, қазіргі уақытта іс — сотта қаралу сатысында.

Аталған сот істері қала аумағындағы заңсыз құрылыстарды жою, қала келбетін сақтау және жер заңнамасын бұзуға жол бермеу мақсатында жүргізіліп жатқан жұмыстардың бір бөлігі болып табылады. Мәселелер заң аясында әрі кезең-кезеңімен шешіліп келеді.

Еске салайық, «Абай» саябағы — үшінші мегаполистің мәдениет және демалыс орталығы, отбасымен серуендеу үшін тамаша орын. Белсенді әрі ұжымдық демалысқа өте қолайлы орындар, теннис корттары мен футбол алаңдары бар. Сонымен қатар әрдайым байланыста болуға мүмкіндік беретін шексіз Wi-Fi интернет қызметі қарастырылған. Қаланың қақ ортасында орналасқан «Абай» саябағы келушілерді өзіне жайлылығы мен сан алуан ойын-сауық түрлерімен тартады.

Саябақ аумағында Қазақстаннан шыққан Отан қорғаушыларына арналған әйгілі «Даңқ» мемориалы орналасқан. Жеңістің 65 жылдығына орай салтанатты түрде ашылған бұл ескерткіш жастарды тәрбиелеуде және халқымыздың ерлігі туралы естелік ретінде маңызды рөл атқарады.

«ANYQ.KZ»-ақпарат.

Ad Widget

Recommended For You