Шымкент шаһарындағы «Қару» іс-шарасы барысында бес мыңнан аса қару иелері тексерілді

Шымкент қаласы Полиция департаменті қару жарақ, оқ-дәрілерін тәркілеу және өз еріктерімен тапсыру «Қару» жедел профилактикалық іс-шарасы аясында қоғамдық тәртіпті сақтау мен атыс қаруын қолдана отырып жасалатын қылмыстардың алдын алу және жолын кесу мақсатында осы жылдың шілде айының 1-10 аралығында іс-шара өткізді.

Іс-шара қала аумағында атыс қаруын қолдана отырып жасалған қылмыстардың алдын алу, сондай-ақ қаруды, оқ-дәрілерді заңсыз айналымнан алып қою және иеленушілердің қарудың сақталуын тексеру үшін өткізілді. Операция жүргізу кезеңінде полицейлер қару иелерінің тұрғылықты жері бойынша аңшылық алқаптарда, шалғайдағы шаруа қожалықтарында рейдтік іс-шаралар жүргізді. Полиция қызметкерлері үйлерді аралау барысында 5276 азаматтық қару иесін тексерді. Тексеру барысында 9 суық қару тәркіленіп, қазіргі таңда тергеу амалдары жүргізілу үстінде. Азаматтық қару айналымы саласында 128 әкімшілік құқық бұзушылық анықталды. Қаруды сақтау, алып жүру және тасымалдау тәртібін бұзғаны үшін — 3 адам, тіркеу тәртібін бұзғаны үшін 20 адам әкімшілік жауапкершілікке тартылды.

Заңсыз сақталған қаруды, оқ-дәрілерді және жарылғыш заттарды өз еркімен тапсырған адамдар, егер олардың іс-әрекетінде өзге қылмыстар құрамы болмаса, қылмыстық және әкімшілік жауапкершіліктен босатылады.

Атап өту керек, Шымкент қаласының Полиция департаменті халықты 2025 жылғы 21 сәуірден бастап Қазақстан Республикасы Ішкі істер министрлігі заңсыз сақталған атыс қаруын, оқ-дәрілер мен жарылғыш заттарды ерікті түрде сатып алу бойынша республикалық акция жүргізетінін хабарлайды. Акция аясында азаматтар тұрғылықты мекенжайы бойынша ішкі істер органдарына жүгініп, тіркелмеген қару-жарақты, оқ-дәрілерді немесе жарылғыш заттарды тапсыра алады. Тапсырылған заттар үшін ақшалай сыйақы қарастырылған.

Қазақстан Республикасы Қылмыстық кодексінің 287-бабына сәйкес, заңсыз сақталған атыс қаруын, оқ-дәрілерді немесе жарылғыш заттарды ерікті түрде тапсырған тұлғалар қылмыстық және әкімшілік жауапкершіліктен босатылатынына назар аударамыз.

Қауіпсіздікті қамтамасыз ету мақсатында табылған оқ-дәрілер мен жарылғыш заттарды өз бетінше ұстамауды, орнынан қозғамауды және тасымалдамауды қатаң түрде ескертеміз. Мұндай заттар табылған жағдайда полицияға 102 немесе 112 нөмірлері бойынша дереу хабарлау қажет.

Шымкент қаласының Полиция департаменті азаматтарды қоғамдық қауіпсіздікті арттыруға бағытталған акцияға белсенді қатысуға шақырады.

«ANYQ.KZ»-ақпарат.

Ad Widget

Recommended For You