Шымкент шаһарында ұлттық алауыздықты қоздыруға бағытталған әрекеті үшін азамат бас бостандығынан айырылды

Шымкент қаласының қылмыстық істер жөніндегі ауданаралық сотында азамат Д.-ға қатысты қылмыстық іс аяқталды. Ол Қылмыстық кодекстің 174-бабының 1-бөлігімен (ұлттық алауыздықты қоздыруға және насихаттауға бағытталған қасақана әрекеттерді жасау) айыпталған.

Д. 2025 жылдың сәуір айында өз тұрғылықты жерінде онлайн-платформаны пайдалана отырып, «Ч…» әлеуметтік желісінде «стрим» тікелей эфирге қатысып, ұлттық алауыздықты қоздыруға және насихаттауға бағытталған қасақана әрекеттер жасаған.

Сотталушының кінәсі іс бойынша жинақталған дәлелдемелердің жиынтығымен толық дәлелденеді. Прокурор сотталушы Д.-ға бас бостандығынан айыру жазасын тағайындауды сұрады. Д. кінәсін мойындап, өзіне бас бостандығынан айырумен байланысты емес жаза тағайындауды сұрады.

Сот Д.-ның қылмыстық жауапкершілігін жеңілдететін мән-жайлар ретінде оның жасаған іс-әрекеттеріне өкініш білдіргенін ескерді, ал ауырлататын мән-жайлар анықталмады. Сот, Д.-ны Қылмыстық кодекстің174-бабының 1-бөлігімен кінәлі деп танып, оған 2 жыл 6 ай мерзімге бас бостандығынан айыру жазасын тағайындады. Сот үкімі заңды күшіне енген жоқ.

Қоса кетер тағы бір ақпарат, Қаржы мониторингі агенттігінің Шымкент қаласы бойынша департаменті «ҚазМұнайГаз Инвест» қаржы пирамидасының заңсыз қызметін тоқтатты. Алаяқтық схема азаматтардың сенімін теріс пайдалану арқылы құрылған. Ұйымдастырушылар «ҚазМұнайГаз» Ұлттық компаниясының акцияларын сатып алу арқылы мол және жылдам табыс табуға уәде берген. Күдіктілер салымшыларға әр 15 күн сайын 50% кіріс түсетінін айтып, оларды алдаған.  Алайда іс жүзінде ешқандай бағалы қағаздар сатып алынбаған. Төлемдер тек жаңадан тартылған қатысушылардың қаражаты есебінен жүзеге асырылған.

Бастапқы салым сомасы 500 мың теңгеден басталған. Нәтижесінде шамамен 200 азамат қаржы пирамидасының құрбанына айналып, жалпы сомасы 1 миллиард теңгеден астам қаржысынан айырылған.

Заңсыз жолмен алынған кірістерге күдіктілер Түркістан облысында жалпы құны 438 миллион теңгеден асатын мүлік — екі қымбат көлік («Tank 500», «BMW X5»), тұрғын үй және коммерциялық нысан (мейрамхана) сатып алған. Бұл мүліктер тәркілеуден жасыру мақсатында туыстарының атына рәсімделген. Сот санкциясымен аталған мүлікке тыйым салынды. Күдіктілер қамауға алынды. Тергеу амалдары жалғасып жатыр.

«ANYQ.KZ»-ақпарат.

Ad Widget

Recommended For You