Шымкент шаһарында полиция дронның көмегімен «Таза қала» акциясы аясында құқық бұзушылықтарды анықтап жатыр

Экологиялық бағыттағы «Таза қала» акциясы аясында полицейлер күнделікті абаттандыру қағидаларын бұзу жайттарын анықтап, олардың жолын кесу мақсатында рейдтік іс-шаралар өткізуде.

Іс-шаралар барысында дронның көмегімен қалдықтарды заңсыз тастау жайты анықталды. Жүк көліктері рұқсат етілмеген орынға қоқыс тастаған.

Құқық бұзушылар жедел анықталып, қолданыстағы заңнамаға сәйкес әкімшілік жауапкершілікке тартылды. Тәртіп сақшыларының айтуынша, дрондарды қолдану қолжетімсіз жерлерде экологиялық құқық бұзушылықтардың алдын алуға мүмкіндік береді.

Полиция қызметкерлері қала аумағын абаттандыру ережелерін қатаң сақтауға шақырып, тек бірлескен күшпен тазалық пен тәртіпті қамтамасыз етуге болатынын еске салады.

Орайы келгенде атап өтер тағы бір мәселе, Шымкент қаласында жол қозғалысы қауіпсіздігін қамтамасыз ету және электрлі жеке көлік құралдарын пайдаланушылар арасында құқықбұзушылықтардың алдын алу мақсатында «Самокат» жедел профилактикалық іс-шарасы басталды. Аталған іс-шара барысында Патрульдік полиция полкі қызметкерлері аталған көлік құралдарын басқарушылардың жол жүрісі қағидаларын сақтауына қатаң бақылау жүргізеді. Жүргіншілер жолында қозғалу тәртібін бұзу, көлік қозғалысына кедергі келтіру, жылдамдықты шектен асыру, қауіпсіздік құралдарын пайдаланбау сияқты құқықбұзушылықтарға ерекше назар аударылып, анықталған фактілер бойынша Қазақстан Республикасының қолданыстағы заңнамасына сәйкес тиісті әкімшілік шара қолданылады.

Иә, Шымкент қаласының Патрульдік полиция полкі қызметкерлері қала аумағында жол қозғалысы қауіпсіздігін қамтамасыз ету мақсатында тұрақты түрде профилактикалық іс-шаралар жүргізеді. Осы жұмыстар барысында мопед және өзге де екі дөңгелекті көлік құралдарын басқаратын жүргізушілердің жол жүрісі қағидаларын сақтауына ерекше назар аударылады.

Кезекті рейдтік іс-шара кезінде полк қызметкерлері мопед жүргізушілері тарапынан бірнеше құқықбұзушылық фактілерін анықтады. Атап айтқанда, жүргізушілердің құжаттарының болмауы, тиісті қорғаныс құралдарын (шлем) пайдаланбау, көлік құралдарын техникалық талаптарға сәйкес келмейтін жағдайда басқару, сондай-ақ жол қозғалысы ережелерін өрескел бұзу жағдайлары тіркелді.

Анықталған барлық құқықбұзушылықтар бойынша Қазақстан Республикасының қолданыстағы әкімшілік заңнамасына сәйкес тиісті шаралар қабылданып, кінәлі тұлғаларға әкімшілік хаттамалар толтырылды.

Патрульдік полиция полкі қала тұрғындары мен қонақтарына жол қозғалысы ережелерін қатаң сақтауды, ал көлік жүргізушілерін — көлікті тек жарамды техникалық күйде және заң талаптарына толық сай жағдайда басқаруды ескертеді. Бұл – өзіңіздің және өзгелердің өмірі мен денсаулығын сақтаудың басты кепілі.

«ANYQ.KZ»-ақпарат.

Ad Widget

Recommended For You