
Заң мен тәртіп жалпыға ортақ міндет екенін түсінетін уақыт жетті. Яғни, әр азамат кез келген заңға қайшы әрекетке төзбеушілік танытқанда ғана қоғам алға жылжиды. Ол үшін қазіргі қолданыстағы құқықтық нормативтік акт толық қамтамасыз етілген. Тек оның орындалуына әрбір тұлға немқұрайлы қарамауы тиіс. Бұл сөз жастарға да тікелей қатысты.
Шымкентте жастар арасындағы «Заң мен тәртіпке қосқан менің үлесім!» атты сыбайлас жемқорлыққа қарсы күрес байқауы ұйымдастырылды. Арбат демалыс аймағында өткен іс-шараға 10-21 жас аралығындағы 150 қатысушы қатысты. Байқауға қатысушылар арасында мүмкіндігі шектеулі жандар да болды.
Іс-шара Шымкент қаласы әкімдігі және ҚР Сыбайлас жемқорлыққа қарсы іс-қимыл агенттігінің Шымкент қаласы бойынша департаментінің мұрындық болуымен ұйымдастырылды. Байқауға қатысушы жастардың санына шектеу қойылмаған және 3 топтық жас ерекшелігімен өтті.
— Жүлделі орындарды анықтау барысында қазылар алқасы үміткерлердің шығармасының тақырыптарының ашылуына, түстер үйлесіміне, композициясына баса назар аударды. Іс-шараның мақсаты — сыбайлас жемқорлыққа қарсы мәдениетті қалыптастыруға және жастардың бойында адалдықты насихаттау. Өнерлі ұрпақтың талантын тиімді пайдаланып, білім жүйесінде сыбайлас жемқорлыққа қарсы іс-қимылға бағытталған шаралардың нығайтылуына ықпал ету, — дейді ҚР Сыбайлас жемқорлыққа қарсы іс-қимыл агенттігінің Шымкент қаласы бойынша департаментінің превенция басқармасының басшысы Жандос Бекасанов.
Сыбайлас жемқорлыққа қарсылығын қылқалам мен кенептің көмегімен білдіргісі келген жастардың қиялына шектеу қойылған жоқ. Қатысушының әрқайсысы бар өнерін ортаға салды. Кейбірінің салған туындысы кәсіби суретшінің шығармасынан кем түспейді. Қылқаламмен сурет салу үшін мольберт пен қағаз, акварель, гуаш, бояу ұйымдастырушылар тарапынан ұсынылды. Байқаудың жеңімпаздарына қаржылай сыйлықтар беріліп, дипломмен марапатталды.
Атап өту керек, бүгінгі таңда сыбайлас жемқорлыққа қарсы күресті күшейту оның алдын алуда үздіксіз жұмыстар жүргізілуде және үнемі жетілдірілуде. Әлемде сыбайлас жемқорлыққа қарсы іс – қимыл тетіктерінің барлық елдер үшін оңтайлы бір жиынтығы жоқ. Әрбір елдің заңи нормаларына немесе қарсы іс – қимылдағы түрлі әдістерге байланысты емес, сондай-ақ, салт-дәстүрге, діни ерекшеліктері мен мәдениетіне де байланысты. Біздің елдің «Сыбайлас жемқорлыққа қарсы іс-қимыл туралы» заңнамасында іс-қимыл шараларының жүйесін көрсетеді.
«ANYQ.KZ»-ақпарат.
