Шымкентте балалар мен жастардың құқықтарын қамтамасыз ету мақсатында Волонтерлер мектебі ресми түрде ашылды

Бүгін Шымкент қаласында жастар үшін маңызды әлеуметтік бастама – Біріккен Ұлттар Ұйымының Балалар Қоры (ЮНИСЕФ) ұйымдастырған Волонтерлер мектебі ресми түрде ашылды. Бұл жоба «Балалар мен жастардың құқықтары мен әл-ауқаты үшін» атты кездесу сериясының алғашқы шарасы аясында жүзеге асып отыр.

Аталған бастама өңірдегі әлеуметтік және экологиялық жобаларға белсене араласуға ынталы 500-ден астам ерікті жасты біріктіріп, волонтерлік қозғалыстың дамуына серпін беруді көздейді. Іс-шараға Шымкент қаласы әкімінің міндетін уақытша атқарушы Айдын Кәрімов, Мұхтар Әуезов атындағы Оңтүстік Қазақстан университетінің әлеуметтік және тәрбие ісі жөніндегі проректоры Ғани Бесбаев, сондай-ақ ЮНИСЕФ-тің Қазақстандағы өкілінің орынбасары Летисия Баззи-Вейл қатысып, жастарға құттықтау сөздерін арнады.

Айдын Кәрімов өз сөзінде жастардың белсенділігі мен азаматтық жауапкершілігіне тоқталып, еріктілік тек көмек көрсету ғана емес, сонымен қатар тұлғалық және қоғамдық дамуға бастайтын маңызды қадам екенін атап өтті:

«Қоғамда белсенді, жанашыр, өз болашағына бейжай қарамайтын жастардың көбейіп келе жатқаны қуантады. Волонтерлік – бұл сана-сезім, жауапкершілік пен азаматтық борыш. ЮНИСЕФ бастамасы жастардың бойындағы осы қасиеттерді ашуға сеп болады», – деді ол.

ЮНИСЕФ-тің Қазақстандағы өкілінің орынбасары Летисия Баззи-Вейл де жастардың әлеуетін арттыру мен олардың қоғамға белсенді қатысуына ықпал етудің маңыздылығын атап өтті. «Балалар мен жастардың құқықтарын қорғау – біздің ортақ мақсатымыз. Қазақстанның түкпір-түкпірінде ашылып жатқан Волонтерлер мектептері жастардың өз дауысын естіртуіне және нақты әрекетке көшуіне жол ашады. Шымкенттегі бұл кездесу – сол жолдағы сенімді қадам», – деді ол.

Өз кезегінде Ғани Бесбаев жастар бастамалары мен еріктілік қызметін жоғары оқу орындарының тәрбиелік жүйесімен ұштастырудың маңызын атап өтіп, университет тарапынан қолдау жалғасатынын жеткізді.

Иә, Қазақстанда волонтерлік қозғалыс қарқынды дамуда. 2024–2026 жылдарға арналған Волонтерлікті дамыту және қолдау жөніндегі жол картасы аясында Ұлттық және 20 өңірлік фронт-кеңсе жүйелі жұмыс жүргізуде. 2025 жылдың алғашқы жартыжылдығында елімізде волонтерлердің қатысуымен 27 мыңнан аса іс-шара ұйымдастырылды. Бұл – өткен жылмен салыстырғанда бірнеше есе жоғары нәтиже.

«ANYQ.KZ»-ақпарат.

Ad Widget

Recommended For You