Шымкенттік оқушы «Ең жас жол инспекторы» номинациясын жеңіп алды

Өскемен қаласында өткен мерейтойлық ЖЖИ слетінде Қазақстан мен ТМД елдерінің үздік командалары анықталды. Қазақстан Республикасы Ішкі істер министрлігінің бастамасымен Өскемен қаласында Ғазиз Байтасов атындағы ХХ мерейтойлық Республикалық жас жол инспекторларының (ЖЖИ) слёті өтті.

Биыл бұл шара тарихында алғаш рет халықаралық деңгейде ұйымдастырылып, қазақстандық командалармен бірге Қырғыз Республикасының жас инспекторлары да бақ сынады. Еліміздің барлық өңірлерінен келген жүздеген оқушы мен шетелдік қонақтар жол қозғалысы ережелерін білу, алғашқы медициналық көмек көрсету бойынша білімдерін сынап, шығармашылық және тәжірибелік сайыстарда өз шеберліктерін көрсетті.

Шымкент қаласының намысын қорғауға №68 жалпы орта мектептің 7 оқушысынан құралған топ қатысты. «Ең жас жол инспекторы» аталымында үздік нәтиже көрсеткен 11 жасар шымкенттік оқушы Айнұр Мақұлбек марапатталды. Сонымен қатар «Ең үздік топ командирі» номинациясын Ғазиза Бүркітбай жеңіп алды.

Жол қозғалысы тілге тиек етілгенде айта өтер тағы бір жайт, Шымкент қаласында рейдтік іс-шара барысында құқықбұзушылықтар анықталды. Жол қозғалысы қауіпсіздігін қамтамасыз ету, қоғамдық тәртіпті сақтау және құқықбұзушылықтардың алдын алу мақсатында Шымкент қаласының Патрульдік полиция полкі қызметкерлері бір нүктелік бағытта кешенді рейдтік іс-шара өткізді.

Аталған шара барысында тәртіп сақшылары көлік жүргізушілері арасында жол қозғалысы ережелерінің сақталуын қадағалады. Нәтижесінде көлік құралдарын тиісті рұқсатсыз қайта жабдықтау, әйнектерін заңсыз күңгірттеу, жүргізуші куәлігінсіз көлік басқару секілді құқықбұзушылықтар анықталды. Құқықбұзушылықтарға қатысты Қазақстан Республикасының қолданыстағы заңнамасына сәйкес әкімшілік хаттамалар толтырылып, бірқатар көлік құралдары айыптұраққа қойылды.

Полиция қызметкерлерінің айтуынша, мұндай рейдтік шаралар алдағы уақытта да тұрақты түрде жүргізіліп, азаматтардың құқықтық мәдениетін арттыруға, жол-көлік оқиғаларының алдын алуға және қала көшелеріндегі қауіпсіздікті қамтамасыз етуге бағытталатын болады.

«ANYQ.KZ»-ақпарат.

Ad Widget

Recommended For You