Созақ ауданы: Шу мен Тасты ауылдарында жол және қоғамдық инфрақұрылым жаңарып келеді

Loading

Созақ ауданында елді мекендердің инфрақұрылымын жақсарту, ішкі көшелердің жағдайын ретке келтіру және тұрғындарға қолайлы қоғамдық орта қалыптастыру бағытындағы жұмыстар жалғасуда. Аудан әкімі Мұхит Тұрысбеков Шу және Тасты ауылдық округтеріне барып, атқарылып жатқан жұмыстардың барысымен танысып, әлеуметтік нысандардың жай-күйін назарға алды.

Жұмыс сапары барысында аудан басшысы биыл асфальт жабындысы төселген және жөндеу жұмыстары жүргізілген ішкі көшелерді аралап, орындалған жұмыстардың сапасын тексерді. Шу ауылында бірқатар көшеге орташа жөндеу жүргізілген. Атап айтқанда, А.Иманов, С.Муханов, Айтеке би–Сәтбаев аралығы, Абай, Наурыз, Б.Серікбаев және Г.Мүсірепов көшелерінің жалпы ұзындығы 2,285 шақырымды құрайды.

Ауылдағы жол инфрақұрылымын жақсартумен қатар, тұрғындардың бос уақытын тиімді өткізуіне арналған қоғамдық кеңістіктерді дамытуға да көңіл бөлінуде. Қазіргі таңда Шу ауылында стрит-воркаут алаңы мен балалар ойын алаңшасының құрылысы жүргізіліп жатыр. Жаңа нысандардың іске қосылуы балалар мен жастардың спортпен шұғылдануына, таза ауада уақыт өткізуіне және ауыл тұрғындары үшін қолайлы орта қалыптастыруға мүмкіндік береді.

Аудан әкімі Тасты ауылдық округіндегі жол жөндеу жұмыстарымен де танысты. Мұнда А.Бейсенбаев және А.Иманов көшелеріне жалпы ұзындығы 0,985 шақырым болатын асфальт жабындысы төселген.

Сонымен бірге Тасты ауылында жалпы ұзындығы 2 шақырымды құрайтын Атауы жоқ №4, Жібек жолы, Бейсенбаев-2 және Атауы жоқ №5 көшелеріне ағымдағы жөндеу жүргізіліп, жолдарға қиыршық тас төселді. Бұл жұмыстар ауыл ішіндегі жолдардың жағдайын жақсартып, тұрғындардың қатынауына қолайлы жағдай жасауға бағытталған.

Елді мекендердегі жолдардың сапасы – тұрғындардың күнделікті өміріне тікелей әсер ететін маңызды мәселенің бірі. Осыған байланысты аудан басшысы орындалған жұмыстардың сапасына, белгіленген талаптардың сақталуына және бөлінген қаражаттың тиімді игерілуіне баса назар аударды.

Мұхит Тұрысбеков округ әкімдері мен жауапты сала мамандарына атқарылып жатқан әрбір іске жауапкершілікпен қарап, құрылыс және жөндеу жұмыстарының сапасын тұрақты бақылауда ұстауды тапсырды. Сондай-ақ нысандарды белгіленген мерзімде аяқтап, тұрғындар игілігіне сапалы түрде ұсынудың маңызын атап өтті.

Шу мен Тасты ауылдарындағы жолдарды жөндеу және қоғамдық кеңістіктерді жаңарту жұмыстары елді мекендердің инфрақұрылымын кезең-кезеңімен жақсартуға мүмкіндік беріп, ауыл тұрғындары үшін қолайлы орта қалыптастыруға бағытталып отыр.

«ANYQ.KZ»-ақпарат.

Ad Widget

Recommended For You