![]()
Түркістан облысы әкімінің орынбасары Қайыпбек Қанат Әбдіразақұлының бастамасымен жүзеге асырылып жатқан «Кәсіпкерлік субъектілерін мемлекеттік қолдау шараларының қолжетімділігін арттыруға бағытталған «Мобильді фронт-офис» жобасы аясында көшпелі консультациялық кездесу ұйымдастырылды.
Іс-шараның негізгі мақсаты – кәсіпкерлерге мемлекеттік қолдау тетіктері туралы өзекті ақпарат ұсынып, облыс орталығына бармай-ақ жергілікті жерде кеңес алу мүмкіндігін қамтамасыз ету.
Кездесуге Түркістан облысының кәсіпкерлік және сауда басқармасының, «Даму» кәсіпкерлікті дамыту қоры» АҚ, «ҚазАгроҚаржы» АҚ, «Аграрлық несие корпорациясы» АҚ, «Банк ЦентрКредит» АҚ, «Халық Банкі» АҚ өкілдері, сондай-ақ аудан кәсіпкерлері қатысты. Жиын барысында қаржы ұйымдарының мамандары мемлекеттік қолдау бағдарламаларының шарттары мен мүмкіндіктерін түсіндіріп, кәсіпкерлердің жеке жобалары мен өзекті сауалдары бойынша консультациялар өткізді.
Осындай көшпелі кездесулер кәсіпкерлер үшін мемлекеттік қолдау құралдарын қолжетімді етіп қана қоймай, өңір экономикасының жаңа өсу нүктелерін қалыптастыруға да ықпал етеді. Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаев кәсіпкерлікті әртараптандырылған экономиканың басты қозғаушы күші ретінде айқындап, бизнесті қолдау, әкімшілік кедергілерді азайту, қаржыға қолжетімділікті кеңейту және өңірлердегі кәсіпкерлік бастамаларды жан-жақты ынталандыру жөнінде нақты міндеттер жүктеп келеді. Президенттің тапсырмасына сәйкес Үкімет шағын және орта бизнесті қолдаудың жаңа тетіктерін енгізіп, жеңілдетілген несиелеу, кепілдендіру, пайыздық мөлшерлемені субсидиялау, инфрақұрылыммен қамтамасыз ету және инвестициялық жобаларды сүйемелдеу бағытындағы жұмыстарды жүйелі түрде жалғастыруда.
Бүгінде Қазақстан экономикасында шағын және орта бизнестің рөлі айтарлықтай күшейіп келеді. Соңғы жылдары бұл секторда жұмыс істейтін кәсіпкерлік субъектілерінің саны тұрақты өсіп, миллиондаған адам жұмыспен қамтылып отыр. Үкіметтің мақсаты – алдағы жылдары шағын және орта бизнестің жалпы ішкі өнімдегі үлесін 40 пайызға дейін жеткізу. Осы бағытта өңірлерде мемлекеттік қолдау құралдарын кәсіпкерлерге барынша жақындату, қызметтерді цифрландыру және «бір терезе» қағидатын дамыту жұмыстары қарқын алды.
Түркістан облысында да кәсіпкерлікті дамыту өңірлік саясаттың негізгі басымдықтарының біріне айналған. Облыста инвестиция тарту, өндірістік жобаларды іске асыру, агроөнеркәсіп кешенін жаңғырту, өңдеу өнеркәсібін дамыту және туризмді қолдау бағытында ауқымды жұмыстар атқарылуда. Осы тұрғыда облыс әкімінің орынбасарының бастамасымен жүзеге асырылып жатқан «Мобильді фронт-офис» жобасы мемлекеттік қызметтердің қолжетімділігін арттырып, кәсіпкерлердің уақытын үнемдеуге және бизнес жүргізудегі әкімшілік кедергілерді азайтуға бағытталған тиімді тәжірибе ретінде бағалануда.
Созақ ауданында өткен көшпелі консультациялық кездесу де осы мақсатқа қызмет етеді. Кәсіпкерлердің облыс орталығына бармай-ақ мемлекеттік органдар мен қаржы институттарының мамандарынан кеңес алып, қаржыландыру тетіктері, жеңілдетілген несие, кепілдік және мемлекеттік қолдау бағдарламалары жөнінде толық ақпаратқа қол жеткізуі – бизнесті дамытудағы маңызды мүмкіндік. Мұндай формат мемлекеттік қолдау мен кәсіпкер арасындағы байланысты нығайтып қана қоймай, жаңа өндірістердің ашылуына, инвестиция көлемінің артуына, тұрақты жұмыс орындарының құрылуына және аудан экономикасының қарқынды дамуына серпін береді. Өйткені қуатты кәсіпкерлік – өңірдің экономикалық тұрақтылығының, халықтың әл-ауқатының және еліміздің орнықты дамуының басты кепілі.
«ANYQ.KZ»-ақпарат.
