Созақ ауданында жаңа қонақ үйдің тұсауы кесілді

Loading

Созақ ауданының орталығы Шолаққорған ауылында заманауи талаптарға сай жаңа қонақ үй пайдалануға берілді. «089» деп аталатын нысанның ашылу салтанатына аудан әкімі Мұхит Тұрысбеков пен аудандық ардагерлер кеңесінің төрағасы Қабылбек Еспенбетов, ауыл қариялары, тұрғындар және арнайы шақырылған қонақтар қатысты.

Жобаны жергілікті кәсіпкер Ержан Әбілпаттаев жүзеге асырған. Жалпы құны 900 миллион теңгені құрайтын инвестициялық жобада қонақтарға арналған әртүрлі санаттағы 22 бөлме қарастырылған. Нысан айына 500 адамға дейін қабылдай алады. Ғимаратта мейрамхана, заманауи мәжіліс залы орналасып, келушілерге жайлы демалыс пен сапалы қызмет көрсетуге қажетті жағдай жасалған. Интерьері заманауи үлгіде безендіріліп, нысан соңғы үлгідегі жиһаздармен жабдықталған.

Нысанның ашылу рәсімінде аудан әкімі Мұхит Тұрысбеков кәсіпкерді жаңа жобаның іске қосылуымен құттықтап, жеке бастамалар мен инвестицияның аудан экономикасын дамытудағы маңызына тоқталды.

– Соңғы жылдары ауданымызда кәсіпкерлік саласы қарқынды дамып, жеке инвестиция көлемі артып келеді. Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Кемелұлы Тоқаев кәсіпкерлікті қолдау мен инвестиция тартуды экономикалық өсудің маңызды тетіктерінің бірі ретінде үнемі атап келеді. Бұл бағытта елімізде кәсіпкерлерге қолайлы жағдай жасауға, жаңа өндірістер мен қызмет көрсету нысандарын ашуға, жұмыс орындарын көбейтуге басымдық берілуде, – деді аудан басшысы.

Оның айтуынша, кәсіпкерлік нысандардың көбеюі ауданның экономикалық әлеуетін арттырып қана қоймай, тұрғындарға көрсетілетін қызмет сапасын жақсартуға да мүмкіндік береді. Бұл ретте Шолаққорғандағы жаңа қонақ үй ауданның әлеуметтік-экономикалық дамуындағы жеке инвестицияның нақты нәтижелерінің бірі саналады.

Жаңа нысанның тағы бір маңызды нәтижесі – жұмыспен қамту. Жоба аясында 20 жергілікті тұрғын тұрақты жұмысқа орналасты. Осылайша, кәсіпкерлік бастама жаңа қызмет түрін қалыптастырып қана қоймай, жергілікті халық үшін еңбек етуге мүмкіндік беретін жұмыс орындарын да ашып отыр.

Аудандық ардагерлер кеңесінің төрағасы Қабылбек Еспенбетов те жаңа нысанның ашылуымен кәсіпкерді құттықтап, жұмысына береке тіледі. Ауыл қариялары мен тұрғындар жаңа нысанның елді мекеннің көркіне көрік қосып, аудан орталығына келетін қонақтарға қолайлы жағдай қалыптастыратынын атап өтті.

Қонақ үйдің ашылуы Шолаққорғанның қызмет көрсету саласындағы әлеуетін арттыра түсетін жобалардың бірі болды. Мұндай нысандардың көбеюі ауданға келетін іскерлік және туристік қонақтарға қызмет көрсету мүмкіндігін кеңейтіп, шағын және орта бизнестің дамуына серпін береді.

Жалпы, жергілікті кәсіпкерлердің жаңа жобаларды қолға алуы – өңір экономикасын әртараптандырудың маңызды бағыттарының бірі. Өндіріс орындарымен қатар, қызмет көрсету, туризм және қонақжайлық салаларындағы бастамалардың жүзеге асуы Созақ ауданында жеке сектордың белсенділігі артып келе жатқанын көрсетеді.

Салтанатты шара соңында ауыл қариялары мен тұрғындар жаңа қонақ үйді аралап, оның бөлмелері, мейрамханасы мен мәжіліс залын көріп, нысанның жұмысымен танысты.

«ANYQ.KZ»-ақпарат.

Ad Widget

Recommended For You