Созақ ауданының жас ауыр атлеттері облыстық чемпионатта топ жарды

Loading

Созақ ауданынан барған жас ауыр атлеттер Түркістан облысының ашық чемпионатында жүлделі орындардан көрініп, аудан спортының абыройын асқақтатты. 5-9 тамыз аралығында Түлкібас ауданында 2010 жылы туған және одан кіші жасөспірімдер арасында ауыр атлетикадан облыстық ашық чемпионат өтті.

Дүбірлі додаға «Созақ аудандық №2 балалар мен жасөспірімдер спорт мектебі» КММ-нің құрама командасы қатысып, бірнеше салмақ дәрежесінде үздіктер қатарынан көрінді. Жарыс қорытындысында созақтық жас спортшылар 5 алтын, 5 күміс және 1 қола медаль жеңіп алды.

30 келі салмақта Талғат Ақжігіт жеңімпаз атанса, Талғат Асылан күміс жүлдені иеленді. 33 келіде Тұрсынбай Даниял қарсыластарынан басым түсіп, алтын медальға қол жеткізді.

37 келі салмақта Амангелді Ахат екінші орынға тұрақтаса, Болысбек Нұрәли қола жүлдеге ие болды. 49 келі салмақта Ерланұлы Мирас чемпион атанып, Нұрболат Ерсұлтан күміс жүлдені еншіледі.

Ал 65 келі салмақта Қоңыратбай Ерсайын алтын медальға ие болса, Амангелді Айбек екінші орыннан көрінді.

Осылайша, жас спортшылар облыстық чемпионатта өздерінің шеберлігі мен дайындығының жоғары деңгейін көрсетіп, Созақ ауданының намысын абыроймен қорғады. Олардың әрбір жеңісі жас буын арасында ауыр атлетикаға қызығушылықты арттырып, спорт мектебіндегі жүйелі дайындықтың нәтижесін танытады.

Жас ауыр атлеттерді жарысқа дайындаған жаттықтырушылар Мұрат Серікбаев пен Бақтан Тұрсынбаевтың еңбегін де атап өткен жөн. Бапкерлердің кәсіби дайындығы мен спортшыларға бағыт-бағдар беруі жас таланттардың жоғары нәтижеге жетуіне ықпал етті.

Созақтан шыққан жас зілтеміршілердің облыстық додадағы табысы аудан спортындағы сабақтастықтың қалыптасқанын көрсетеді. Алдағы жарыстарда да олардан жаңа жеңістер күтіледі.

«ANYQ.KZ»-ақпарат.

Ad Widget

Recommended For You