Түркістан қаласында VIII Қазақстан Республикасының Халық ойындары аясында спортшылар өзара бақ сынасып жатыр

Loading

Түркістан төрінде еліміздің ең ірі бұқаралық спорт мерекелерінің бірі — VIII Қазақстан Республикасының Халық ойындары өтуде. 11–20 маусым аралығында еліміздің барлық өңірінен келген спортшылар бас қосып, өзара бақ сынап, үздіктерді анықтайды.

Жарыс бағдарламасында баскетбол 3х3, волейбол, шахмат, тоғызқұмалақ, қазақ күресі, үстел теннисі, футзал, асық ату, қол күресі және гір спорты бойынша тартысты бәсекелер өту үстінде. 15 маусым күні сағат 20:00-де Түркістан қаласындағы «Керуен-сарай» туристік кешенінде Қазақстан Республикасының VIII Халық ойындарының ашылу салтанаты өтті. Ұлттық нақыш пен заманауи технология үйлескен мерекелік кеш көрермендерге ерекше әсер сыйлады.

Салтанатты жиынға Түркістан облысының әкімі Нұралхан Көшеров пен Қазақстан Республикасы Туризм және спорт министрлігі Спорт және дене шынықтыру істері комитеті төрағасының орынбасары Аманбай Нұрмұханбетов қатысып, спортшылар мен бапкерлерді дүбірлі доданың ашылуымен құттықтады.

Қазақстан Республикасы Туризм және спорт министрлігі Спорт және дене шынықтыру істері комитеті төрағасының орынбасары Аманбай Нұрмұханбетов Мемлекет басшысының тапсырмасына сәйкес бұқаралық спортты дамыту бағытында атқарылып жатқан жұмыстарға тоқталып, Халық ойындарының елдегі спорт қозғалысын дамытудағы рөлі ерекше екенін атап өтті.

Салтанатты іс-шарада барлық командалар су үстіндегі ерекше шерумен таныстырылды. Ашылу рәсімі театрландырылған қойылымдармен, этно-фольклорлық композициялармен және танымал өнерпаздардың концерттік бағдарламасымен жалғасып, көпшілікке көтеріңкі көңіл-күй сыйлады.

20 маусымға дейін жалғасатын жарыстардың қорытындысында үздік спортшылар мен командалар анықталады. Баршаңызды жарқын шоуға, ерекше мерекелік атмосфераға және отандық спортшыларға қолдау көрсетуге шақырамыз!

Қазақстан Республикасының Халық ойындары – еліміздегі ең ірі әрі дәстүрлі бұқаралық спорт додаларының бірі. Төрт жыл сайын ұйымдастырылатын бұл жарыс Қазақстанның барлық өңірінен әуесқой спортшыларды бір алаңға жинап, бұқаралық спортты дамытуға, ұлттық және олимпиадалық спорт түрлерін кеңінен насихаттауға, өңірлер арасындағы достық пен ынтымақтастықты нығайтуға қызмет етеді. Жыл өткен сайын Халық ойындарының ауқымы кеңейіп, қатысушылар саны артып келеді. Биылғы VIII Халық ойындарының киелі Түркістанда өтуі өңірдің спорттық және туристік әлеуетін айқындай түседі. Бүгінде Қазақстанда миллиондаған адам дене шынықтыру және спортпен жүйелі түрде айналысады, ал Түркістан облысы бұқаралық спортпен қамтылған тұрғындар саны бойынша көшбасшы өңірлердің қатарында. Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаев бұқаралық спортты дамыту – ұлт денсаулығын нығайтудың, жастарды салауатты өмір салтына баулудың және мықты ұлт қалыптастырудың басты шарттарының бірі екенін үнемі айтып келеді. Сондықтан Халық ойындары жеңімпаздарды анықтайтын жарыс қана емес, елдегі бұқаралық спорт қозғалысын жаңа деңгейге көтеретін, салауатты өмір салтын дәріптейтін маңызды республикалық жоба саналады.

«ANYQ.KZ»-ақпарат.

Ad Widget

Recommended For You