Түркістан қаласының білекті саңлақтары белтемірге тартылудан өткен облыстық жарыста жүлде қанжығалады

Loading

Түркістан облысы әкімдігі мен Түркістан облысы бойынша Экономикалық тергеп-тексеру департаментінің ұйымдастыруымен «Жаңа Конституция – жастардың құқықтық мәдениеті: «Тәртіпке тартыл» тақырыбындағы облыстық белтемірге тартылу жарысының ақтық кезеңі өтті. Іс-шараның мақсаты – жастар арасында салауатты өмір салтын дәріптеу, құқықтық мәдениетті қалыптастыру, заңға құрметті арттыру, сондай-ақ құқық бұзушылықтың, лудомания мен қаржылық алаяқтықтың алдын алу.

Облыстың барлық аудан-қалаларында өткен іріктеу кезеңдері мен финалдық жарысқа жалпы 10 мыңнан астам жас қатысып, өз бақтарын сынады.

Жарыс қорытындысы бойынша 14-20 жас аралығында сарыағаштық Али Мамедов бас жүлдені иеленді. Ал, ІІ орынды созақтық Айбек Жарылқасын, ІІІ орынды да созақтық спортшы Николай Александр иеленді. Ал, 21-28 жас аралығында түлкібастық Елнұр Сағымбеков чемпион атанса, ІІ орын — бәйдібектік Бегасыл Советке, ІІІ орын қазығұрттық Мағжан Әріпбайға бұйырды. Сондай-ақ, 29-35 жас аралығы бойынша І орынды арыстық Илья Волкотюк жеңіп алса, ІІ орын — түркістандық Нұрболат Орынтайға, ІІІ орын кентаулық Елнұр Абдурахмановқа бұйырды. Сонымен қатар, «Күш символы» арнайы номинациясымен төлебилік Жанғали Әлжанов, түркістандық Нұрсұлтан Расулов және сайрамдық Алмардан Рустамбеков марапатталды.

Аталған жоба жастардың спортқа деген қызығушылығын арттырып, бұқаралық спортты дамытуға, салауатты өмір салтын насихаттауға және құқықтық мәдениетті нығайтуға өз үлесін қоспақ.

Атап өту керек, Президент Қасым-Жомарт Тоқаев бұқаралық спортты дамыту – ұлт денсаулығын нығайтудың және жастарды зиянды әдеттерден қорғаудың ең тиімді жолдарының бірі екенін үнемі айтып келеді. Мемлекет басшысы Ұлттық құрылтайда сөйлеген сөзінде де заң мен тәртіпке негізделген қоғам қалыптастыруда жастардың құқықтық санасы мен салауатты өмір салты қатар жүруі тиіс екенін атап өтті. Бұл бағыттағы жұмыстар нақты нәтижесін де көрсетіп отыр. Туризм және спорт министрлігінің соңғы деректеріне сәйкес, бүгінде Қазақстанда дене шынықтыру және спортпен жүйелі түрде айналысатын азаматтардың саны 8,4 миллионнан асып, халықтың 41 пайыздан астамын құрады. Оның басым бөлігін жастар құрайды. Ал Түркістан облысында бұқаралық спортпен шұғылданушылардың үлесі республикадағы ең жоғары көрсеткіштердің бірі саналады. Осындай жобалар спорттық бәсекемен ғана шектелмей, жастарды заңға құрметпен қарауға, қаржылық алаяқтық, лудомания және өзге де әлеуметтік қатерлерден сақтандыруға бағытталған тәрбиелік алаңға айналып келеді. Демек, күш пен тәртіпті, спорт пен құқықтық мәдениетті ұштастырған мұндай бастамалар әділетті әрі жауапты қоғам қалыптастыруға қызмет ететін маңызды қоғамдық инвестиция деуге толық негіз бар.

«ANYQ.KZ»-ақпарат.

Ad Widget

Recommended For You