Түркістан өңіріндегі спортпен тұрақты түрде шұғылданатын барлық жастағы тұрғындар үлесі 911 мыңнан асып, халықтың 42,4%-ын құрады

Түркістан облысында дене шынықтыру мен спорт саласын дамытудың 2023–2029 жылдарға арналған тұжырымдамасын іске асыру жөніндегі «Жол картасы» облыс әкімі тарапынан әзірленіп, бекітілді. Жол картасында спорт саласының негізгі 3 бағыты қамтылған.

Атап айтқанда, бұқаралық спортты дамыту, спорттық инфрақұрылымды дамыту, спорт резервін қалыптастыру және жоғары жетістіктер спортын дамыту бағыты. «Биылғы 10 айда дене шынықтыру және спортпен тұрақты түрде шұғылданатын барлық жастағы тұрғындар үлесі 911 мыңнан асып, халықтың 42,4%-ын құрады (2025 жылғы жоспар — 42,5%). Соның ішінде 3-18 жас аралығындағы дене шынықтыру және спортпен шұғылданатын балалар мен жасөспірімдердің үлесі 264 мыңға жетіп 32,9%-ды құрады (2025 жылғы жоспар — 33%)», — дейді Дене шынықтыру және спорт басқармасының жауаптылары.

Спортпен шұғылданушыларды арттыру бағытында 2025 жылға мемлекеттік спорттық тапсырыс аясында 3 миллиард 400 мың теңге бөлініп, 167 өнім берушіде 24 480 бала шұғылданып жатыр. Облыста 101 мыңнан астам мүмкіндігі шектеулі тұлға бар, оның ішінде спортпен және дене шынықтырумен айналысуға қарсы көрсетілімі жоғы — 44 мың адам, соның 6 мың 800-і немесе 15,5%-ы тұрақты түрде спортпен айналысады (2025 жылғы жоспар — 15%).

Сонымен қатар Түркістан қаласында орналасқан ірі спорт нысандарында барлық жастағы тұрғындар үшін апта сайын тегін қызмет көрсету сағаты енгізіліп, ай сайын 1000-ға жуық қала тұрғыны спортпен шұғылдануда. Ел арасында бұқаралық спортты насихаттау мақсатында жыл басынан бері облыс аумағында 3 200-ден астам спорттық іс-шара өткізіліп, оған 273 мыңнан астам адам тартылды. Бұл өткен жылдың тиісті кезеңімен салыстырғанда 30,5%-ға өскен. Бүгінгі таңда бұқаралық спорттың танымалдығын арттыру мақсатында Түркістан қаласында республикалық деңгейдегі кешенді жарыстар ұйымдастырылды.

Атап айтқанда, техникалық және кәсіптік білім беру ұйымдарының студенттері арасында «Еңбек Кубогы» республикалық спартакиадасы өтіп, 2000-нан астам студент қатысты. «Қазақстан халқы Ассамблеясының 30 жылдығы» және «1 мамыр – Қазақстан халқының бірлігі күніне» орай жүгіруден «Бірлік жарысы» өтіп, 6 мыңнан астам адам қамтылды.

Жоғары оқу орындары арасындағы ХІІІ жазғы Универсиада ойындары өткізіліп, 79 оқу орнынан 4 мыңнан астам студент қатысты. Футболдан әуесқой командалар арасында тұңғыш рет Түркістан облысының чемпионаты ұйымдастырылып, 186 командадан 3,3 мыңға жуық ойыншы тартылды. Бұқаралық спортты насихаттауға демеушілер де тартылуда.

Облыс аумағында демеушілер есебінен жүлде қоры 124,2 миллион теңгені құрайтын (халықаралық, республикалық және облыстық, жаппай көкпар 241 іс-шара тізбесі бекітіліп, бұған 35 мыңға жуық спортшыны тарту жоспарланды. 10 айдың қорытындысына сәйкес 186 спорттық іс-шара өткізіліп, 27 мыңға жуық спортшы тартылды. Атап айтқанда, «Халық» қайырылымдық қоры» демеушілігімен «Ауыл спорт» ойындары, облыстық мәслихат демеушілігімен кіші футболдан депутаттар арасындағы облыс чемпионаты, «Түркістан Марафон-2025» іс-шаралары ұйымдастырылып, өткізілді. Түркістан марафонына 3 мыңнан аса адам қатысты. Оның ішінде 368 шетел азаматы 19 елден келген екен. Одан бөлек, 2025 жылғы қыркүйек айында Алматы облысында өткен «Ақ бидай» республикалық VІІІ ауыл спорты ойындарында Түркістан облысы жеңімпаз атанды.

«2025 жылғы қыркүйек айында Болгария елінің Албена қаласында қол күрестен өткен әлем чемпионатында 19 алтын медальды жеңіп алдық. Армрестлинг құрамасына — 10 миллион теңге, ал, бірнеше рет әлем чемпионы атанған 3 спортшыға автокөлік кілті тапсырылды. Бұндай ынталандыру сыйлықтары, өңірімізде спорттың дамуына тың серпін беріп, жас спортшыларымыздың қызығушылығын арттыруда», — дейді басқарма басшысы Ғалымжан Худияров.

«ANYQ.KZ»-ақпарат.

Ad Widget

Recommended For You